15 қыркүйек 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ДОКТОРАНТУРА ТҮЛЕКТЕРІНІҢ ДИССЕРТАЦИЯ ҚОРҒАУҒА ДАЙЫНДЫҒЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

2026 жылғы 15 қыркүйекте Amanzholov University-де 2023-2026 жылдардағы докторантура түлектері және олардың ғылыми жетекшілерімен кездесу өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы докторантура түлектерінің диссертациялық жұмыстарын қорғауға шығуға дайындық деңгейін бағалау болды.

Кездесу Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Нұрлана Әлімбекованың төрағалығымен өтті. Оған сондай-ақ кафедра меңгерушілері, докторанттардың ғылыми жетекшілері және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бөлімінің басшысы Тана Абылайханова қатысты.

Кездесу барысында әрбір докторантура түлегінің жағдайы жеке қарастырылды. Диссертациялық жұмыстың дайындық деңгейі, ғылыми зерттеудің аяқталуы, алынған нәтижелер, сондай-ақ Дәрежелерді беру қағидаларының талаптарына сәйкес қорғауға шығу үшін қажетті ғылыми жарияланымдардың болуы мен олардың мәртебесі талқыланды.

Жарияланымдық белсенділіктің белгіленген талаптарға сәйкестігіне, диссертациялық жұмыстардың диссертациялық кеңестерге ұсынуға дайындық деңгейіне, сондай-ақ қорғауға дайындықтың қорытынды кезеңінде шешуді қажет ететін мәселелерге ерекше назар аударылды.

Ғылыми жетекшілермен және кафедра меңгерушілерімен бірлесіп әрбір түлектің қорғауға уақтылы шығуын қамтамасыз ету үшін алдағы қадамдар мен нақты міндеттер айқындалды.

Нұрлана Әлімбекова әрбір докторантура түлегіне ғылыми жетекшілер мен кафедралар тарапынан жеке сүйемелдеу жүргізудің, сондай-ақ диссертациялық зерттеулердің дайындық деңгейі мен жарияланымдық талаптардың орындалуына жүйелі бақылау жасаудың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша 2023-2026 жылдардағы докторантура түлектерінің диссертациялық жұмыстары мен ғылыми жарияланымдарының қорғауға шығуға нақты дайындық деңгейін ескере отырып, оларды одан әрі сүйемелдеу бойынша тиісті шаралар айқындалды.