16 қыркүйек 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ «ЖАС ОҚЫТУШЫЛАР МЕКТЕБІ» ӨТІП ЖАТЫР

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Кәсіптік даярлау және кәсіби біліктілікті арттыру ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жас оқытушылар мектебі» курсы өтіп жатыр.

Курсқа 40-қа жуық жас оқытушы қатысуда. Олардың қатарында былтыр және биыл магистратура мен докторантураны тәмамдап, университетте оқытушылық қызметін бастаған жас мамандар бар.

«Жас оқытушылар мектебінің» негізгі мақсаты – жас мамандардың жоғары оқу орнындағы кәсіби қызметке бейімделуіне қолдау көрсету, педагогикалық шеберлігін арттыру және оқу процесін тиімді ұйымдастыруға қажетті білім мен дағдыларды қалыптастыру.

Оқу бағдарламасы аясында оқытушының кәсіби қызметіне қатысты практикалық және әдістемелік мәселелер қарастырылуда. Атап айтқанда, сабақтарды ұйымдастыру, білім алушылардың өзіндік жұмысын тиімді жүргізу, силлабуспен жұмыс істеу, оқу процесін реттейтін нормативтік құжаттарды қолдану және академиялық талаптарды сақтау бағыттарына көңіл бөлінді.

Сонымен қатар қазіргі білім беру кеңістігіндегі өзекті мәселелер де қамтылды. Жас оқытушылар сабақ кезінде жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану мүмкіндіктерімен танысып, инклюзивті білім беру қағидаттары мен білім алушыларға қолайлы орта қалыптастырудың маңызын талқылады.

Курс кезінде «Жоғары оқу орнының академиялық құрамының кәсіби қызметіне қатысты құқықтық және нормативтік база» тақырыбында арнайы дәріс ұйымдастырылды. Дәрісті Ержан Бағданұлы Домалатов өткізіп, жоғары оқу орнында оқытушылық қызмет атқаратын мамандар үшін маңызды нормативтік-құқықтық құжаттарға тоқталды.

«Жас оқытушылар мектебі» жас мамандарға университеттің академиялық ортасына бейімделіп қана қоймай, өз тәжірибесін қалыптастыруға, заманауи оқыту тәсілдерін меңгеруге және кәсіби құзыреттерін дамытуға мүмкіндік береді.

Жоба аясындағы кездесулер мен практикалық сабақтар жас оқытушылардың кәсіби әлеуетін арттыруға және білім беру сапасын жетілдіруге бағытталған.