5 мамыр 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ТАҒЗЫМ РӘСІМІ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов есімін иеленген университетте көрнекті ғалым мен Ұлы Отан соғысы ардагерлерін еске алуға арналған тағзым рәсімі өтті. Іс-шара ғалым ескерткіші жанында ұйымдастырылып, оған оқытушылар, студенттер, әскери кафедра курсанттары және арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

Рәсім барысында қатысушылар алдымен Ұлы Отан соғысының ардагері, университеттің құрметті ректоры болған Уәлиев Юмаш Кәрімұлы рухына тағзым етіп, ескерткіш тақтайшаға гүл шоқтарын қойды.

Іс-шарада Басқарма төрағасы – ректор, профессор Төлеген Мұхтар Әділбекұлы сөз сөйлеп, ардагерлердің ерлігі мен еңбегінің маңызын атап өтті. Сондай-ақ, ғалымның шәкірті, профессор Аубакирова Роза Аблакимовна естеліктерімен бөлісті.

Рәсімнің негізгі бөлігі қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі – Сәрсен Аманжолов ескерткішіне гүл қоюмен жалғасты. Шара барысында ғалымның өмір жолы мен ғылыми мұрасы кеңінен насихатталды.

Сонымен қатар, тарих ғылымдарының кандидаты Өскембай Әлия Ақымқызы сөз сөйлеп, ғалым еңбегінің бүгінгі маңыздылығына тоқталды. Студенттер тарапынан арнау өлеңдер оқылып, рухани тағзым көрсетілді.

Тағзым рәсімі аясында сондай-ақ 30-шы гвардиялық дивизия жауынгерлеріне арналған ескерткіш тақтайшаға гүл шоқтары қойылды. Майдан даласында ерлік көрсеткен батырларға құрмет көрсетілді.