24 маусым 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-БІЛІМ БЕРУ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде басқарма төрағасының орынбасары – стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Ирина Ровнякованың 60 жылдық мерейтойына арналған «EDU SHIFT: адаптивті технологиялар, болашақ құзыреттері және тұрақты тәжірибелер» атты халықаралық ғылыми-білім беру конференциясы өтті.
Ауқымды ғылыми форум білім беру жүйесіндегі заманауи өзгерістерді, цифрлық трансформацияны, жасанды интеллектті қолдану мүмкіндіктерін, болашақ мамандардың құзыреттерін дамыту мен тұрақты білім беру тәжірибелерін талқылауға арналды.
Конференция жұмысына Қазақстанның жетекші ғалымдары мен жоғары оқу орындарының басшылары, сондай-ақ Румыния мен Тәжікстаннан келген халықаралық сарапшылар қатысты. Іс-шара офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылып, шетелдік әріптестердің кеңінен қатысуына мүмкіндік берді.
Конференция барысында университеттің Директорлар кеңесінің төрағасы Әмірхан Рахымжанов сөз сөйлеп, оқу орнының ғылыми-білім беру кеңістігіндегі жетістіктерін атап өтті.
Мерейтой иесі Ирина Ровнякова «Өзгерістер дәуірімен бірге: Қазақстан білімінің трансформациялануының 35 жылы – алғашқы реформалардан цифрлық болашаққа дейін» тақырыбында баяндама жасап, тәуелсіздік жылдарындағы білім беру саласының даму кезеңдеріне жан-жақты талдау ұсынды.
Халықаралық спикерлер қатарында Клуж-Напока техникалық университетінің профессоры Сильвиу Дан Мандру жоғары білім беру жүйесіндегі жобалық оқыту тәжірибесін таныстырса, Сотим Улуғзода атындағы Тәжік халықаралық шетел тілдері университетінің халықаралық қатынастар басқармасының басшысы Каримджон Гадоев аралас оқыту мен жасанды интеллекттің Орталық Азиядағы тілдік білім беруді дамытудағы маңызын баяндады.
Сондай-ақ, педагогика ғылымдарының кандидаты Светлана Сахариева Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-дағы педагогикалық білім берудің қалыптасуы мен қазіргі даму бағыттары туралы баяндама жасады.
Конференция аясында «Білім беруді трансформациялау: ғылыми еңбектер мен педагогикалық инновациялар» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, университет ғалымдарының еңбектері мен заманауи ғылыми жобалары көпшілік назарына ұсынылды.
Іс-шараның мерейтойлық бөлімінде Ирина Ровняковаға арналған арнайы бейнеролик көрсетіліп, университет ұжымы, түлектер, әлеуметтік серіктестер және шетелдік әріптестер мерейтой иесіне жылы лебіздерін білдірді. Сонымен қатар, мерейтойлық құттықтау хат табысталып, ғылым мен білім саласындағы көпжылдық еңбегі мен жоғары кәсіби қызметі ерекше атап өтілді.
Халықаралық конференция білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған маңызды алаңға айналып, ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндіктер ашты.









