21 мамыр 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY–ДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ДӘРІСТЕР СЕРИЯСЫ ӨТУДЕ

AMANZHOLOV UNIVERSITY базасында халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға бағытталған ғылыми дәрістер сериясы жалғасуда. Университет қонағы — Дипа Бхануматхиамма, Үндістандағы Mahatma Gandhi University қауымдастырылған профессоры. Ғалым химия және наноматериалдар саласы бойынша студенттер мен жас зерттеушілерге арналған бірқатар мазмұнды дәрістер өткізуде.

Дәрістер барысында наноматериалдарды синтездеу мен олардың физика-химиялық сипаттамаларын анықтаудың заманауи тәсілдері кеңінен талқылануда. Сонымен қатар биополимерлер негізіндегі нанокомпозиттердің құрылымы, қасиеттері және олардың өндірістік әрі экологиялық маңызына ерекше назар аударылуда. Ғылыми кездесулерде целлюлоза негізіндегі гидрогельдер мен аэрогельдерді су тазарту жүйелерінде қолдану мәселелері қозғалып, экологиялық технологиялардың болашағы жөнінде маңызды ақпараттар ұсынылды.

Іс-шаралар университеттің №8 оқу ғимаратындағы конференц-залда және Ұлттық ғылыми зертхана базасында ұйымдастырылуда. Теориялық білім мен тәжірибелік зерттеулерді ұштастырған дәрістер қатысушылардың ғылыми ізденіске деген қызығушылығын арттырып, халықаралық тәжірибе алмасуға жол ашуда.

Шетелдік ғалымның дәрістері студенттер мен магистранттардың зерттеу құзыреттілігін дамытуға, материалтану, экологиялық инженерия және инновациялық технологиялар бағытындағы білімін тереңдетуге мүмкіндік беруде. Мұндай халықаралық ғылыми байланыстар университеттің академиялық әлеуетін нығайтып қана қоймай, жас ғалымдардың жаһандық ғылым кеңістігіне бейімделуіне де оң ықпал етеді.