28 сәуір 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-СТУДЕНТТІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

2026 жылғы 24 сәуірде Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Алтай мұрасын зерттеу мен сақтаудағы жастардың рөлі» атты халықаралық ғылыми-студенттік конференция өтті. Конференцияның мақсаты – Алтай мұрасын зерттеу мен сақтауда жастардың рөлін арттыру, жас зерттеушілердің ғылыми бастамаларын қолдау және халықаралық ынтымақтастықты дамыту.

Ғылыми жиынға Қазақстан мен Моңғолиядан ғалымдар, оқытушылар, жас зерттеушілер мен студенттер қатысты. Іс-шараны университеттің «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығы мен Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы ұйымдастырды.

Конференцияның ашылуында қатысушыларға құттықтау сөздер айтылып, Алтай мұрасын зерттеудің өзектілігі атап өтілді. Пленарлық отырыста студенттер мен жас ғалымдар цифрлық мұра, мәдениетаралық байланыс, этномәдени дәстүрлер және туризм тақырыптарында баяндамалар жасады.

Баяндамалар қатарында «Алтай мұрасын сақтау: цифрлық дәуірдегі жастар миссиясы», «Үлкен Алтай мемлекеттерінің мәдениетаралық ынтымақтастық әлеуеті», сондай-ақ заманауи туризм мен жасанды интеллект мүмкіндіктеріне арналған зерттеулер ұсынылды.

Конференция жас зерттеушілер үшін тәжірибе алмасу, ғылыми идеяларды талқылау және халықаралық байланыстарды нығайту алаңына айналды. Іс-шара қорытындысында жастардың ғылым мен мәдени мұраны сақтаудағы рөлі ерекше атап өтілді.