26 маусым 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДІҢ 10 БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫ 5 ЖЫЛҒА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АККРЕДИТТЕУДЕН ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің жаратылыстану-математика бағытындағы 10 білім беру бағдарламасы Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігінің (IAAR) халықаралық мамандандырылған аккредиттеуінен сәтті өтіп, 5 жыл мерзімге аккредиттелді.

Бұл – университеттің білім беру сапасының халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетінін, оқу бағдарламаларының мазмұны еңбек нарығының сұранысына жауап беретінін және заманауи академиялық талаптарға сай әзірленгенін көрсететін маңызды жетістік.

Халықаралық аккредиттеу нәтижесінде келесі білім беру бағдарламалары 5 жыл мерзімге аккредиттелді:

  1. 6B01512 – Биология-жаратылыстану
  2. 6B01519 – Химия-Биология
  3. 6B05304 – Химиялық криминалистикалық сараптама
  4. 8D01504 – Химия
  5. 8D01505 – Биология
  6. 6B05201 – География
  7. 7M01506 – География
  8. 8D01506 – География
  9. 6B05401 – Математика
  10. 7M05401 – Математика

Аккредиттеу рәсімі барысында білім беру бағдарламаларының мазмұны, профессор-оқытушылар құрамының кәсіби әлеуеті, ғылыми-зерттеу қызметі, материалдық-техникалық базасы, студенттерге көрсетілетін қолдау жүйесі және жұмыс берушілермен байланысы жан-жақты бағаланды. Сарапшылар оқу бағдарламаларының сапасын қамтамасыз ету жүйесіне, тәжірибеге бағытталған оқытуына және халықаралық білім беру талаптарына сәйкестігіне жоғары баға берді.

Бұл жетістік университеттің білім сапасын үздіксіз жетілдіруге, халықаралық білім беру кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жоғары білікті мамандар даярлауға бағытталған жүйелі жұмысының нәтижесі болып табылады.

Халықаралық мамандандырылған аккредиттеу түлектер дипломының беделін арттырып қана қоймай, олардың академиялық және кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге, халықаралық деңгейде танылуына жол ашады.

Аманжолов университеті алдағы уақытта да әлемдік білім беру үрдістеріне сай жаңашыл бағдарламаларды дамытып, халықаралық серіктестікті нығайту және сапалы кадрлар даярлау бағытындағы жұмысын жалғастыра береді.