3 сәуір 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY МАҚТАНАДЫ: СТУДЕНТ ВИКТОР ВОЛКОВ — ЖҮЗУДЕН КУБОК ЖӘНЕ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ

«Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының 1-курс студенті Amanzholov University-дің студенті Виктор Волков халықаралық спорт аренасында өзін сенімді түрде танытып, жүзу спортында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.

Виктор спорттық жолын бала кезінен бастаған. Алғашында жүзу жай ғана әуесқойлық болса, уақыт өте келе ол кәсіби спортқа айналды. Жаттығу процесіне деген қызығушылық, жарыс рухы және өзін үнемі жетілдіруге деген ұмтылыс оның табысының негізгі факторларына айналды.

Жылдар бойы үздіксіз жаттығудың арқасында спортшы көптеген жарыстарға қатысып, бірнеше рет жүлделі орындарға ие болды. Әсіресе, Қазақстан Республикасының барлық жас санаттары бойынша чемпионаттарында бірнеше мәрте алтын медаль иегері атанды.

Ол Талдықорған қаласында өткен 2026 жылғы Қазақстан Республикасының жүзу чемпионатында да жоғары нәтиже көрсетіп, төрт бірдей алтын медаль жеңіп алды. Бұл оның жоғары деңгейдегі дайындығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сондай-ақ, Виктор Дубай қаласында өткен Азия ойындарында да сәтті өнер көрсетіп, үш алтын және бір күміс медаль жеңіп алып, Қазақстанның намысын халықаралық аренада абыроймен қорғады.

Виктор Волков — халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Бұл атақ оның жоғары кәсібилігін, еңбекқорлығын және таңдаған ісіне деген адалдығын көрсетеді.

Спортшының айтуынша, жүзу — тек спорт қана емес, сонымен қатар тәртіпке, төзімділікке және мақсатқа жетуге үйреткен өмірінің маңызды бөлігі.

Виктор өзінің жоғары жетістіктері үшін жаттықтырушысы Оксана Валериановна Макароваға ерекше алғыс білдіреді.

Виктор Волковтың жетістіктері — тек университеттің ғана емес, бүкіл Қазақстан спортының мақтанышы. Оның жетістіктері табандылық пен еңбектің үлкен жеңістерге жетелейтінінің айқын дәлелі.