9 маусым 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY МЕН ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ШҚО БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТТЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат жастарды мемлекеттік қызметке тарту, кәсіби тәжірибені дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы бірлескен жұмысты күшейтуге бағытталған.

Меморандум аясында тараптар студенттердің мемлекеттік органдарда кәсіби тәжірибеден өтуіне жағдай жасау, білім алушылар арасында академиялық адалдық пен құқықтық мәдениетті насихаттау, сондай-ақ мемлекеттік қызметтің беделін арттыру бойынша бірлескен іс-шаралар өткізуді көздейді.

Құжатқа сәйкес, университет пен департамент семинарлар, дөңгелек үстелдер, брифингтер, ақпараттық-түсіндіру кездесулері мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырады. Сонымен қатар жастар арасында антикоррупциялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылып, мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибелік білім мен заманауи тәсілдерді енгізу мәселелері қарастырылады.

Ынтымақтастық аясында студенттер үшін мемлекеттік органдарда тағылымдамадан өту және мансаптық мүмкіндіктер туралы ақпараттық жұмыстар жүргізіліп, кәсіби бағдар беру бағытындағы бастамалар қолдау табады. Сондай-ақ интернет-ресурстар мен ақпараттық алаңдарда мемлекеттік қызметтің артықшылықтары, адалдық қағидаттары және құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған материалдар жарияланатын болады.

Аталған меморандум жастардың мемлекеттік басқару жүйесіне қызығушылығын арттыруға, білікті кадрлар даярлауға және ашықтық пен адалдық қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді.