27 сәуір 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY: МИКРО-КРЕДИТТЕР ЖӘНЕ ҚЫСҚА БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ – ЗАМАНАУИ БІЛІМ БЕРУ ТРЕНДІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде өткен подкастта академиялық саясат және білім беру бағдарламаларын басқару департаментінің директоры Домалатов Ержан Багданович микро-кредиттер мен қысқа мерзімді білім беру бағдарламаларының білім беру жүйесіндегі рөлі мен маңызы туралы ой бөлісті.

Сұхбат барысында микро-кредиттердің белгілі бір дағдылар мен құзыреттерді қысқа мерзімде меңгеруге мүмкіндік беретін тиімді құрал екені айтылып, олардың еңбек нарығы талаптарына сай маман даярлаудағы рөлі талқыланды. Әсіресе IT, цифрлық технологиялар, бизнес және басқа да сұранысқа ие салалардағы қысқа бағдарламалардың маңыздылығы сөз болды.

Подкастта бұл білім беру форматының артықшылықтары ретінде икемділік, қолжетімділік және жылдам нәтиже беру мүмкіндігі аталды. Сонымен қатар оның шектеулері, дәстүрлі жоғары біліммен байланысы және микро-кредиттердің толыққанды балама емес, керісінше білімді толықтыратын формат екеніне назар аударылды.

Сондай-ақ Сәрсен Аманжолов университетінің білім беру үрдісіндегі заманауи тәсілдерге бейімделуі, қысқа бағдарламалар мен жаңа форматтарды енгізу мәселелері қозғалды. Подкаст аясында білім беру жүйесінің болашағы өмір бойы білім алу, икемді оқу траекториялары және еңбек нарығына бейімделген модельдермен байланысты екені айтылды.

Бұл сұхбат қазіргі білім беру трендтерін түсінуге, микро-кредиттердің мүмкіндіктерін бағалауға және болашақтағы білім беру трансформациясына жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.