3 шілде 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY: ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚАЙТА ДАЯРЛАУ КУРСЫНЫҢ ТЫҢДАУШЫЛАРЫНА СЕРТИФИКАТТАР ТАБЫСТАЛДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде педагогикалық қайта даярлау курсын сәтті аяқтаған тыңдаушыларға сертификаттар табыстау рәсімі өтті.

Салтанатты шараға академиялық мәселелер жөніндегі проректор Нұрлана Әлімбекова мен Кәсіби даярлау және біліктілікті арттыру ресурстық орталығының директоры Бақытгүл Исебаева қатысып, тыңдаушыларды курстың сәтті аяқталуымен құттықтады.

Аттестациялық комиссияның шешімімен педагогикалық қайта даярлау курсын тәмамдаған 43 тыңдаушыға келесі білім беру бағдарламалары бойынша сертификаттар табысталды:

 6В01403 – Алғашқы әскери дайындық;
 6В01515 – Химия (IP);
 6В01517 – География (IP);
 6В01102 – Психология (IP);
 6В01706 – Ағылшын тілі (IP);
 6В01601 – Тарих;
 6В01902 – Арнайы педагогика (IP) (Логопедия);
 6В01513 – Математика (IP);
 6В01514 – Информатика (IP);
 6В01518 – Физика (IP);
 6В01701 – Қазақ тілі мен әдебиеті;
* 6В01516 – Биология (IP).

Оқу барысында тыңдаушылар заманауи педагогиканың негізгі бағыттары, оқытудың тиімді әдістемелері мен білім беру технологиялары бойынша теориялық және практикалық даярлықтан өтті.

Педагогикалық қайта даярлау курсы түрлі сала мамандарына педагогикалық қызметпен айналысуға мүмкіндік беріп, олардың кәсіби құзыреттерін дамытуға және білім беру жүйесіндегі жаңа талаптарға бейімделуіне жол ашады.