14 тамыз 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫНЫҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫНА ҚАТЫСАДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттері халықаралық деңгейдегі маңызды мәдени-спорттық шара – Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысады.

Аталған іс-шара 2026 жылғы 31 тамызда Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласындағы «Бишкек Арена» стадионында өтеді. Ашылу салтанаты аясында көшпенді халықтардың мәдениеті, дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын дәріптейтін ауқымды шығармашылық бағдарлама ұсынылады.

Іс-шараға Қазақстан тарапынан шығармашылық ұжымдар мен жастар да қатысады. Шығыс Қазақстан облысының атынан «Алтай» ансамблінің өнерпаздары арнайы жобаға шақырылып, ашылу салтанатына дейінгі дайындық және репетиция жұмыстарына қатысады.

Сонымен қатар, AMANZHOLOV UNIVERSITY студенттері де аталған халықаралық жобаға қатысуға мүмкіндік алды. Университеттің әртүрлі білім беру бағдарламаларында білім алып жүрген белсенді және шығармашыл жастар Бішкек қаласында өтетін ашылу салтанатының дайындығына атсалысады.

Студенттердің халықаралық мәдени жобаға қатысуы – олардың шығармашылық қабілеттерін танытып, жаңа тәжірибе жинақтауына және Қазақстанның мәдени құндылықтарын халықаралық деңгейде насихаттауға мүмкіндік береді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына дайындық жұмыстары жалғасуда. AMANZHOLOV UNIVERSITY өкілдері еліміздің мәдени мұрасын танытатын айтулы шараға белсенді қатысуға дайын.