4 мамыр 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY: ҒАЛЫМДАРДЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

«Қазақстандық компанияларда қоғамдық жаңғыру жағдайында DE&I мәдениетін қалыптастыруды әлеуметтік-психологиялық қолдау» (AP23489784) гранттық жобасы аясында психология және коррекциялық педагогика кафедрасының оқытушылары С. Айни атындағы Тәжік мемлекеттік педагогикалық университетінің әріптестерімен онлайн кездесу өткізді.

Кездесу барысында қатысушылар өзара танысып, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу және жүзеге асыру, ғылыми кездесулер өткізу, ғылыми ақпарат алмасу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту мүмкіндіктері қарастырылды.

Талқылаудың маңызды бөлігі инклюзивті білім беру мәселелеріне арналды. Қатысушылар мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үшін қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыру, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу және инклюзивті тәжірибелерді оқу үдерісіне енгізу жолдарын жан-жақты қарастырды.

Кездесу барысында алдағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары айқындалып, оның ішінде әдістемелік ұсынымдар әзірлеу және инклюзивті білім беру сапасын арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері көтерілді.

Кафедраның қауымдастырылған профессоры М.Д. Ауренова «Эрготерапия: мамандандырылған эргопедагогика» атты жаңа білім беру бағдарламасын таныстырып, әріптестер тарапынан жоғары қызығушылыққа ие болды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты жалғастыру туралы келісімге келіп, кафедралар арасындағы келісімшарт жобасын талқылады.