25 маусым 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY — ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЗДІК 10 ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНЫҢ ҚАТАРЫНДА

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының ТОП-20 Бас рейтингінің қорытындысы бойынша Amanzholov University еліміздің үздік университеттері арасында 8-орынға ие болды.

Бұл жетістік – білім беру сапасын арттыруға, ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған университет ұжымының жүйелі жұмысының нәтижесі.

Бүгінде Amanzholov University – Шығыс Қазақстан өңіріндегі ірі білім және ғылым орталықтарының бірі. Университет бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламаларын табысты жүзеге асырып, білім беру үдерісіне инновациялық технологияларды кеңінен енгізуде және шетелдік серіктестермен академиялық байланыстарын нығайтып келеді.

Университеттің жоғары көрсеткіштері ұлттық рейтингтермен қатар халықаралық деңгейде де мойындалуда. Соңғы жылдары оқу орны QS Asia University Rankings, Times Higher Education Impact Rankings және басқа да беделді халықаралық рейтингтерге қатысып, әлемдік білім кеңістігіндегі өз орнын нығайтуда.

Қазақстанның үздік 10 жоғары оқу орнының қатарына ену – профессор-оқытушылар құрамының кәсібилігінің, студенттер мен жас ғалымдардың жетістіктерінің, сондай-ақ университеттің даму стратегиясының тиімділігінің айқын көрсеткіші.

Amanzholov University өңір мен елдің дамуына үлес қоса алатын, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті жоғары білікті мамандар даярлау миссиясына адал болып, алдағы уақытта да қарқынды дамуын жалғастыра береді.