11 қараша 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОРЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ БЕРУ ТӘЖІРИБЕСІН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ТАНЫСТЫРДЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің құрметті профессоры, норвегиялық ғалым, Оңтүстік-Шығыс Норвегия университетінің доценті доктор Гленн Агунг Хоул Қазақстанның жоғары білім мен ғылымды дамытудағы тәжірибесін халықаралық деңгейде таныстырды.
Ғалымға 2024 жылы Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-дың құрметті профессоры атағы ғылыми қызметі, кәсіпкерлік пен экономикалық зерттеулерді дамытуға қосқан үлесі және халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтудағы еңбегі үшін берілген болатын. Университет үшін шетелдік ғалыммен қалыптасқан кәсіби және ғылыми байланыстың одан әрі дамып, халықаралық ақпараттық кеңістікте көрініс табуы маңызды.
2026 жылғы 9 қарашада Ұлыбританияның London Post басылымында доктор Гленн Агунг Хоулдың «Ұлыбритания, Норвегия және Еуропалық одақ үкіметтері университеттерге инвестиция салу мәселесінде Қазақстаннан нені үйрене алады?» атты авторлық мақаласы жарияланды.
Мақалада жоғары білім мен ғылымға ұзақмерзімді инвестиция салудың мемлекеттің тұрақты экономикалық дамуы үшін маңызы талданады. Автор университеттерді қаржыландыруды ағымдағы шығын ретінде емес, адами капиталға, ғылыми әлеуетке, инновацияларға және елдің бәсекеге қабілеттілігіне салынған инвестиция ретінде қарастыру қажеттігін атап өтеді.
Профессордың пікірінше, университеттерді қаржыландыруды қысқарту қысқа мерзімде қаражат үнемдеуге мүмкіндік бергенімен, ұзақ мерзімді перспективада ғылыми ұжымдардың, кәсіби құзыреттердің және университеттер мен бизнес арасында жылдар бойы қалыптасқан әріптестік байланыстардың әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Мұндай институционалдық әлеуетті қайта қалыптастыру көп уақыт пен ресурсты талап етеді.
Мақалада Қазақстанның тәжірибесіне ерекше назар аударылған. Доктор Гленн Агунг Хоул еліміздің ғылымды қаржыландыру, университеттердің халықаралық әріптестігін дамыту, ғылыми зерттеулер нәтижелерін коммерцияландыру және өңірлік дамуды қолдау бағыттарын өзара байланыстыра жүзеге асыруға ұмтылысын атап көрсетеді.
Сонымен қатар автор ғылыми зерттеу мен оның практикалық қолданысқа енгізілуі арасындағы алшақтық мәселесін көтереді. Оның пікірінше, мемлекеттік қолдау көбіне зерттеудің бастапқы кезеңдеріне бағытталады, ал бизнес ғылыми әзірлемелер коммерциялық тұрғыдан дайын болуға жақындағанда ғана белсенді араласады. Соның салдарынан ғылыми идеяны сұранысқа ие өнімге айналдыру кезеңі жеткілікті деңгейде қолдау таппай жатады.
Профессор Қазақстанның жоғары білім мен ғылым саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі бағытына оң баға бере отырып, реформалардың нақты нәтижелері тәжірибе жүзінде әлі де дәлелденуі қажет екенін атап өтеді. Сондай-ақ бұл үдерісте университеттердің академиялық дербестігін сақтау маңызды екенін ескертеді.
Доктор Гленн Агунг Хоул Ұлыбритания, Норвегия және Еуропалық одақ елдері үшін университеттерді қаржыландыруды кәсіпкерлікті қолдау, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және өңірлік даму шараларымен үйлестіру қажеттігін ұсынады.
