21 қазан 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY ҚЫТАЙДЫҢ ШЕТЕЛДІК ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫ ТУРАЛЫ АҚПАРАТТЫҚ БАЗАСЫНА ЕНДІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Қытай Халық Республикасының Білім министрлігіне қарасты Шетелде білім алу мәселелері жөніндегі Қытай орталығының (China Service Center for Scholarly Exchange — CSCSE) жаңартылған шетелдік білім беру ұйымдары базасына енгізілді.
Аталған ақпараттық базада Қытайда білім туралы құжаттарды тану рәсімінен сәтті өткен шетелдік жоғары оқу орындары туралы мәліметтер жинақталған. Бұл ресурс Қытай азаматтарына шетелдік оқу орындарын таңдауға және шетелде алған білімінің біліктілігін растауға қатысты мәселелерде бағдар бола алады.
Университеттің осы базаға енгізілуі оның халықаралық білім кеңістігіндегі танымалдығын арттыруға және Қытайдағы талапкерлер, студенттер, түлектер мен серіктес ұйымдар арасындағы беделін нығайтуға мүмкіндік береді.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Қытайдың жоғары оқу орындарымен көп жылдан бері әріптестік байланыстарды дамытып келеді. Ынтымақтастық академиялық ұтқырлықты, бірлескен білім беру және ғылыми іс-шараларды, тәжірибе алмасуды, тағылымдамаларды ұйымдастыруды және халықаралық жобаларды іске асыруды қамтиды.
Жыл сайын университетке Қытайдан білім алушылар келіп, оқу және тағылымдамадан өту мүмкіндіктерін пайдаланады. Олар оқытушылардың сабақтарына қатысып, өңір кәсіпорындарының қызметімен танысады, сондай-ақ университеттің академиялық және қоғамдық өміріне араласады.
Өз кезегінде, университеттің студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы Қытайдың серіктес жоғары оқу орындарында білім беру бағдарламаларына, академиялық алмасуларға және бірлескен жобаларға қатысуға мүмкіндік алады. Мұндай ынтымақтастық мәдениетаралық байланысты нығайтып, білім мен тәжірибе алмасуға және екі елдің білім беру ұйымдары арасындағы тұрақты әріптестікті дамытуға ықпал етеді.
CSCSE ақпараттық базасына ену университеттің Қытай жоғары оқу орындарымен байланысын кеңейтуге, бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, академиялық ұтқырлықты дамытуға әрі шетелдік студенттерді тартуға қосымша мүмкіндіктер ашады.
Бұл жетістік — университеттің интернационалдандыру бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі және Қазақстан мен Қытай арасындағы білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам.
