28 қазан 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY ҰЛЫБРИТАНИЯМЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫН ДАМЫТУДА
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің халықаралық ынтымақтастық және сапаны қамтамасыз ету департаментінің директоры Дана Ниғманова Ұлыбританиядағы Лидс университеті ұйымдастырған COIL-Ed Spring 2026 халықаралық онлайн-конференциясына спикер ретінде қатысты. Халықаралық академиялық алаң оқытушылар мен зерттеушілердің басын қосып, бірлескен онлайн-оқыту тәжірибесімен алмасуға және жоғары оқу орындары арасындағы серіктестікті дамытудың жаңа мүмкіндіктерін талқылауға жол ашты.
Конференцияға қатысу Дана Ниғманованың Лидс университетінде он айға созылған ғылыми тағылымдамасы кезінде қалыптасқан кәсіби байланыстардың жалғасы болды. 2026 жылғы шілдеде аяқталған тағылымдамадан кейін де ол британдық әріптестерімен ынтымақтастығын жалғастырып, тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылауға қатысып келеді.
Конференцияда Дана Ниғманова Maqsut Narikbayev University өкілі Алма Сайлауқызымен, Astana IT University өкілі Зарина Құтпанова және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің өкілі Мөлдір Әшімовамен бірге баяндама жасады. Қазақстандық қатысушылар «Тұрақты даму жолындағы COIL: қауымдастықтар, технологиялар және жаһандық білім беру байланысы – Қазақстан тәжірибесі» (COIL for Sustainability: Connecting Communities, Technologies, and Global Learning – Perspectives from Kazakhstan) тақырыбын ұсынды.
Бірлескен баяндамада халықаралық білім беру серіктестіктері, жергілікті қауымдастықтармен байланыс, тәжірибеге бағдарланған оқыту, компьютерлік ғылымдар, жасанды интеллект және климаттың өзгеруіне төзімділікті арттыру мәселелері қамтылды. Қатысушылар кәсіби және ғылыми-зерттеу тәжірибесін ортақ білім беру бастамаларын дамытуға пайдалану жолдарын қарастырды.
Өз баяндамасында Дана Ниғманова Amanzholov University-дің халықаралық ынтымақтастық тәжірибесін таныстырып, COIL тәсілін студенттердің халықаралық білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге пайдалану жолдарына тоқталды.
COIL (Collaborative Online International Learning) – әртүрлі елдердің студенттері мен оқытушылары бірлесіп әзірленген оқу тапсырмалары мен жобалары аясында онлайн форматта өзара әрекеттесетін оқыту тәсілі. Бұл формат студенттерге халықаралық командалар құрамында жұмыс істеуге, білім алмасуға және ортақ мәселелерді әр елдің мәдени әрі әлеуметтік ерекшеліктерін ескере отырып талқылауға мүмкіндік береді. Осылайша халықаралық тәжірибе оқу үдерісіне тікелей енгізіледі.
Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде COIL тәсілін дамыту халықаралық академиялық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Ол академиялық ұтқырлық бағдарламаларын толықтырып, шетелге шықпай-ақ халықаралық жобаларға қатысатын студенттер санын арттыруға ықпал ете алады. Бұл тәсілді білім беру үдерісіне енгізу шетелдік серіктестермен бірлесіп, оқу мақсаттарын, тапсырмалардың мазмұнын және өзара әрекеттесу форматтарын келісуді талап етеді.
Конференция бағдарламасында COIL жобаларын жүзеге асыру тәжірибесі, халықаралық білім беру серіктестіктерінің этикалық қағидаттары, виртуалды алмасу бағдарламалары, мәдениетаралық оқыту және білім беру бағдарламаларын әзірлеу мәселелері қарастырылды. Ұсынылған тәжірибелер қатысушыларға халықаралық ынтымақтастықтың түрлі модельдерімен танысып, оларды өз университеттерінде қолдану мүмкіндіктерін талқылауға жағдай жасады.
Конференцияға қатысу қорытындысы бойынша Дана Ниғманова COIL тәсілін одан әрі зерделеуге және шетелдік тәжірибені Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіне бейімдеу мүмкіндіктеріне қызығушылық білдірді. Лидс университетіндегі әріптестерімен талқыланатын бағыттардың қатарында Amanzholov University-дің білім беру бағдарламалары мен мақсаттарына сәйкес келетін бірлескен оқыту форматтарын әзірлеу мәселесі бар.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің халықаралық ынтымақтастық және сапаны қамтамасыз ету департаменті конференцияны ұйымдастырушы, Лидс университетінің докторы Пьер-Филипп Дешанға (Pierre-Philippe Dechant) шақыруы және Қазақстанның тәжірибесін халықаралық академиялық алаңда таныстыруға мүмкіндік бергені үшін алғыс білдіреді.




