1 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY ӨКІЛДЕРІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ

Профессор Жібек Рахметулина, PhD докторы Тана Абылайханова, аға оқытушы Ержан Домалатов және 8D04101 – «Экономика» білім беру бағдарламасының докторанттары Украинадағы Полтава қаласында Полтава мемлекеттік аграрлық университетінің ұйымдастыруымен өткен «Экономиканың жаһандануы жағдайындағы агроазық-түлік секторын стратегиялық басқару: қауіпсіздік, инновациялар және көшбасшылық» атты IV халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.

«Цифрлық экономиканы дамыту жағдайында адами капиталды басқару және еңбек ресурстарының сапасын арттыру» ғылыми жобасы аясында конференцияға қатысушылар үш ғылыми баяндама ұсынып, адами капиталды дамыту, цифрлық жұмыспен қамту жағдайындағы қызметкерлердің әл-ауқатын қамтамасыз ету және цифрлық құзыреттерді қалыптастыру мәселелерін қозғады.

Зерттеулерде адами капитал, қызметкерлердің әл-ауқаты және цифрлық жұмыспен қамту қауіпсіздігі арасындағы өзара байланысқа, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдағы цифрлық құзыреттерді дамыту стратегияларын салыстырмалы талдауға ерекше назар аударылды.

Конференция материалдарының жинағында қатысушылардың үш ғылыми мақаласы жарияланды. Атап айтқанда, Жібек Рахметулина, А. Наримбетова және А. Бухатова авторлығымен «Қауіпсіз цифрлық жұмыспен қамту жағдайындағы адами капитал және әл-ауқат» (Human Capital and Well-Being in Secure Digital Employment) атты мақала жарық көрді.

Сондай-ақ Жібек Рахметулина, А. Сулейменова және А. Урекешова бірлесіп жазған «Жұмыспен қамтудың цифрлық трансформациясы: адами капитал, дағдылар және қызметкерлердің әл-ауқаты» (Digital Transformation of Employment: Human Capital, Skills and Employee Well-Being) атты ғылыми еңбек жинаққа енді.

Ал Ержан Домалатов пен Тана Абылайханованың авторлығымен «Адами капиталдың цифрлық құзыреттерін дамыту стратегиялары: Қазақстан мен Қытайдың салыстырмалы талдауы» (Strategies for Developing Digital Competencies in Human Capital: A Comparative Analysis of Kazakhstan and China) атты мақала жарияланды.

Халықаралық конференцияға қатысу ғылыми жоба нәтижелерін талқылауға және ғылыми ортада таратуға, зерттеу тәжірибесімен алмасуға әрі халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді. Жарияланған ғылыми мақалалар адами капиталды басқару және еңбек ресурстарын цифрлық трансформациялау мәселелерін одан әрі зерделеуге жол ашады.

Конференция қорытындысы бойынша қатысушыларға халықаралық ғылыми іс-шараға қатысқанын растайтын сертификаттар табысталды.