26 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY ӨКІЛІ «ОРЫС ТІЛІНДЕГІ ДИСКУРСТЫҚ ТӘЖІРИБЕЛЕР» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ СЕМИНАРҒА ҚАТЫСТЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының сениор-лекторы Наталья Николаевна Будникова «Орыс тіліндегі дискурстық тәжірибелер» атты халықаралық ғылыми семинарға қатысты. Ғылыми басқосу Алтай мемлекеттік педагогикалық университетінің (Ресей Федерациясы, Барнаул қаласы) қатысуымен ұйымдастырылып, Қазақстан мен Ресей зерттеушілерінің басын қосты.

Семинар жұмысына Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің, Alikhan Bokeikhan University, Челябі мемлекеттік университетінің, Түмен мемлекеттік медицина университетінің және Алтай мемлекеттік педагогикалық университетінің өкілдері қатысты.

Ғылыми жиынның бағдарламасына цифрлық коммуникацияның ерекшеліктері, оқытушының дискурстық стратегиялары, кәсіби сөйлеу мәдениеті және әртүрлі коммуникативтік ортадағы тілдік құралдардың қолданысына арналған баяндамалар енгізілді.

Семинарда Наталья Николаевна Будникова Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Тілдік пәндер орталығының аға оқытушысы Регина Пранасовна Дронсейкамен бірлесіп, «Қазақстанның орыстілді дискурсында қазақ лексикалық бірліктерінің қолданысы» тақырыбында баяндама жасады.

Зерттеу жұмысында Қазақстан тұрғындарының күнделікті орыстілді қарым-қатынасында қазақ лексикасының қолданылу ерекшеліктері мен тілдік ортадағы орны қарастырылды. Баяндамашылар зерттеу нәтижелерін таныстырып, қазақ сөздерінің орыс тіліндегі коммуникацияда қолданылу сипатына тоқталды.

Халықаралық семинар университет өкіліне бірлескен зерттеу нәтижелерін ғылыми ортаға таныстыруға, отандық және шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ лингвистика мен мәдениетаралық коммуникация бағытындағы ғылыми ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік берді.