18 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY: АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК – ТЕОРИЯДАН ТӘЖІРИБЕГЕ

Қазақстанда қараша айында киберқауіпсіздік мәдениетін арттыруға, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы сауаттылықты қалыптастыруға және цифрлық ортада қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамытуға бағытталған бірқатар іс-шара ұйымдастырылуда.

Осы бастама аясында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Ақпараттық қауіпсіздікті оқытуда кейс-технологияларды қолдану» тақырыбында әдістемелік семинар өтті.

Семинарға «Ақпараттық технологиялар» және «Физика-Информатика» білім беру бағдарламаларының білім алушылары қатысты.

Іс-шараның мақсаты – студенттердің ақпараттық қауіпсіздік саласындағы білімін тәжірибелік тұрғыда жетілдіру, нақты жағдайларды талдау арқылы сыни ойлау, сараптау және шешім қабылдау дағдыларын дамыту.

Семинар барысында ақпараттық қауіпсіздікті оқытуда кейс-технологияларды қолдану ерекшеліктері қарастырылып, нақты жағдайларға негізделген практикалық тапсырмалар ұсынылды. Білім алушылар берілген кейстерді талдап, ықтимал қауіптерді анықтап, олардың алдын алу және шешу жолдарын ұсынды.

Талқылау кезінде студенттер өз көзқарастарын ортаға салып, ұсынылған жағдайларға қатысты түрлі шешімдерді саралады. Теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға, ақпаратты сыни тұрғыдан бағалауға және негізделген шешім қабылдауға басымдық берілді.

Семинар соңында қатысушылар тақырып бойынша пікір алмасып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.

Әдістемелік семинар білім алушылардың ақпараттық қауіпсіздік саласындағы білімін тереңдетіп, цифрлық ортадағы ықтимал қауіптерді бағалау және олардың алдын алу дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді.