19 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY: БОЛАШАҚ БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМДЕРІ ШАХМАТ ПЕДАГОГИКАСЫН МЕҢГЕРУДЕ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде 6В01302 – «Бастауышта оқыту педагогикасы» (IP) білім беру бағдарламасы аясында «Шахмат педагогі» микробіліктілігін меңгерту жұмыстары жалғасуда.

Қазіргі уақытта білім алушылар шахмат ойынының бастапқы дағдыларын қалыптастыруға және оны болашақ педагогикалық қызметте қолдануға бағытталған «Шахмат ойынының негіздері» базалық модулін игеріп жатыр.

Оқу барысында студенттер шахматтың пайда болу тарихымен, ойын ережелерімен, фигуралардың жүру ерекшеліктерімен, негізгі тактикалық тәсілдермен және стратегиялық қағидалармен танысады. Сонымен қатар логикалық және сыни ойлауды, зейін тұрақтылығын, есте сақтау қабілетін, кеңістіктік қиялды дамытуға және негізделген шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыруға басымдық беріледі.

Практикалық бағыттағы оқу үдерісі болашақ педагогтерге шахмат ойынының негіздерін меңгеріп қана қоймай, оны бастауыш сынып оқушыларының зияткерлік қабілетін дамытудың тиімді құралы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

«Шахмат педагогі» микробіліктілігін игеру болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби құзыреттерін кеңейтіп, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және білім беру ұйымдарында шахмат сабақтарын ұйымдастыруға дайындығын жетілдіруге ықпал етеді.

Балалардың зияткерлік дамуына бағытталған заманауи технологияларды меңгерген педагогтерді даярлау – университеттегі педагогикалық білім беруді жетілдірудің перспективалы бағыттарының бірі.