11 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ҚҰРЛЫҚ ЭКОЖҮЙЕЛЕРІН САҚТАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Экология және география кафедрасы филиалының базасында, «Экобиоорталық» ғылыми-зерттеу институтының фауна зертханасында «Құрлық экожүйелерін сақтау» тақырыбында дәріс өткізілді. Дәрісті биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Анатолий Павлович Цыганов жүргізді.

Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 15-мақсаты – «Құрлық экожүйелерін сақтау» аясында ұйымдастырылды. Бұл мақсат құрлық экожүйелерін қорғау мен қалпына келтіруге, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға, биологиялық әртүрлілікті сақтауға және жердің тозуының алдын алуға бағытталған.

Дәріс кезінде құрлық экожүйелерінің негізгі құрылымдық элементтері мен орта қалыптастырушы компоненттері қарастырылып, олардың Жер биосферасымен байланысы талданды. Сонымен қатар табиғи экожүйелер мен техносфераның өзара әрекеттесуі, антропогендік жүктеменің артуынан туындайтын экологиялық мәселелер сөз болды.

Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысындағы зоналық экожүйелер мен табиғи-аумақтық кешендердің қазіргі жағдайына байланысты өңірлік экологиялық мәселелерге назар аударылды.

Дәріс соңында қатысушылар биологиялық әртүрлілікті сақтау, бұзылған экожүйелерді қалпына келтіру және өңірдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытындағы табиғат қорғау жобаларын әзірлеу мен жүзеге асыру перспективаларын талқылады.

Мұндай ғылыми-танымдық кездесулер экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне деген зерттеушілік қызығушылықты арттыруға және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға бағытталған бастамаларды қолдауға ықпал етеді.