4 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДЫҢ ЗАМАНАУИ ӘДІСТЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде 6В01708 – «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының студенттеріне арналған қонақ дәрісі өтті.

Дәрісті Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Райгүл Садуақасқызы Рахметова жүргізді.

Кездесудің негізгі тақырыбы қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытудың дәстүрлі және инновациялық әдістеріне арналды. Дәріс кезінде тіл үйрету үдерісіндегі заманауи әдістемелік тәсілдердің ерекшеліктері, білім алушылардың коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыру және дамыту жолдары, сондай-ақ оқыту нәтижелілігін арттыру мәселелері жан-жақты қарастырылды.

Спикер қазақ тілін өзге тілді аудиторияда оқытудың тиімді жолдарына тоқталып, дәстүрлі әдістер мен инновациялық технологияларды ұштастырудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар болашақ педагогтердің кәсіби даярлығында коммуникативтік бағыттағы оқытудың рөліне назар аударылды.

Ғылыми-танымдық сипатта өткен қонақ дәрісі студенттердің кәсіби білімін тереңдетуге, қазақ тілін оқыту әдістемесі бойынша танымын кеңейтуге және болашақ педагогикалық қызметіне қажетті тәжірибелік мағлұматтар алуға мүмкіндік берді.

Мұндай академиялық кездесулер білім беру бағдарламаларының мазмұнын жетілдіруге, отандық жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми-әдістемелік байланысты нығайтуға және болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін дамытуға ықпал етеді.