11 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСТЕ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Құқықтану» және «Сот және прокурорлық қызмет» білім беру бағдарламаларының студенттеріне арналған қонақ дәріс өтті. Дәрісті тәжірибелі адвокат, Шығыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Калиакпаров Калтай Шайхслямович жүргізді.

Кездесудің тақырыбы – «Қылмыстық процесте адам құқықтарын қорғау тетіктері». Дәріс кезінде қылмыстық іс жүргізу аясында азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, адвокаттың кәсіби міндеттері және құқықтық қорғаудың практикалық тетіктері қарастырылды.

Спикер өз тәжірибесіне сүйене отырып, құқық қорғау саласындағы маңызды мәселелерге тоқталып, болашақ заңгерлерге кәсіби қызметтің ерекшеліктері туралы мағлұмат берді. Сондай-ақ теориялық білімді тәжірибеде қолданудың маңызын атап өтті.

Кездесу сұрақ-жауап форматында жалғасты. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тәжірибелі маманнан нақты жауаптар алды. Бұл өз кезегінде білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, таңдаған мамандығының практикалық қырларын тереңірек түсінуіне мүмкіндік берді.

Осындай қонақ дәрістер студенттердің кәсіби құзыреттерін дамытуға, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға және болашақ мамандардың құқықтық көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді.