14 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ӨСІМДІКТЕРДІҢ РЕПРОДУКТИВТІК БИОЛОГИЯСЫ БОЙЫНША АШЫҚ САБАҚ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің биология кафедрасында 6М05101 «Биология» білім беру бағдарламасының магистранттарына арналған «Өсімдіктердің репродуктивтік биологиясы» пәні бойынша ашық сабақ өтті. Сабақты биология ғылымдарының кандидаты, биология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Жамал Тұрсынғожақызы Игисинова жүргізді.

Сабақтың тақырыбы өсімдіктердің көбею үдерістерінің эволюция барысында күрделенуі, яғни балдырлардан бастап жоғары сатыдағы споралы өсімдіктерге дейінгі даму ерекшеліктеріне арналды. Магистранттар өсімдіктердің көбею жолдарының өзгеруін, балдырлардағы қарапайым көбею формаларынан бастап мүктер мен қырықбуындардағы ұрпақ алмасуы арқылы жүретін күрделі тіршілік циклдерін қарастырды.

Сабақтың практикалық бөлігіне ерекше мән берілді. Магистранттар алдын ала Өскемен қаласының маңынан қыналар, мүктер мен қырықбуындардың табиғи үлгілерін жинап, оларды зерттеу жұмыстарына пайдаланды.

Интерактивті сабақ барысында қатысушылар жиналған үлгілерді таныстырып, олардың құрылымдық ерекшеліктерін талдады және жүргізілген бақылау нәтижелерін Жамал Игисиновамен бірге талқылады.

Зерттеу жұмыстары микроскоппен жалғасты. Магистранттар споралы өсімдіктердің көбею мүшелерін зерттеп, теориялық білімдерін микропрепараттармен салыстырды және әртүрлі түрлердің эволюциялық бейімделу ерекшеліктерін талқылады.

Мұндай оқыту тәсілі теориялық білімді туған өлкенің табиғатын практикалық тұрғыдан зерттеумен ұштастырып, биологиялық үдерістерді тереңірек түсінуге, ғылыми пікірталас жүргізуге және зерттеу нәтижелерін көпшілік алдында таныстыру дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.

Ашық сабақ теориялық дайындық пен зерттеушілік тәжірибені тиімді үйлестірудің үлгісі болып, болашақ биолог мамандардың кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға ықпал етті.