3 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ 1С ПЛАТФОРМАСЫНДА БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ШЕШІМДЕР ӘЗІРЛЕУ ТӘЖІРИБЕСІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар кафедрасында «1С тәжірибеде: нақты бағдарламалық шешімдер қалай әзірленеді?» тақырыбында қонақ дәрісі ұйымдастырылды.

Кездесуге «1С-Рейтинг» компаниясының әзірлеу тобының жетекшісі Аяулым Құрманқызы Зейноллинова спикер ретінде қатысып, студенттерге компания қызметінің негізгі бағыттары мен 1С платформасында бағдарламалық өнімдерді әзірлеу ерекшеліктері туралы баяндады.

Дәріс кезінде компания өкілі кәсіпорынның қызметін таныстыратын бейнематериалдарды көрсетіп, жүзеге асырылып жатқан жобалар, IT мамандарының кәсіби міндеттері және 1С технологияларының ұйымдар жұмысында қолданылуы жөнінде ақпарат берді. Студенттер нақты жобалар мысалында бағдарламалық шешімдерді әзірлеу үдерісімен танысты.

Кездесудің практикалық бөлігінде білім алушылар арнайы тапсырмаларды орындап, 1С жүйесін қолдануға қатысты сұрақтарға жауап берді. Өз білімдері мен дағдыларын көрсеткен белсенді студенттерге компания өкілдері естелік сыйлықтар табыстады.

Сонымен қатар студенттерге «1С-Рейтинг» компаниясында өндірістік тәжірибеден өту және болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндіктері таныстырылды. Бастапқы деңгейдегі мамандарға қойылатын талаптар, қажетті кәсіби құзыреттер мен мансаптық өсу перспективалары туралы жан-жақты ақпарат берілді.

Дәріс аясында студенттердің 1С технологиялары бойынша олимпиадаларға, кәсіби байқаулар мен өзге де салалық іс-шараларға қатысу мәселесі де қозғалды. Мұндай бастамалар білім алушылардың практикалық дағдыларын жетілдіріп, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Интерактивті форматта өткен кездесу студенттердің қызығушылығын оятып, IT саласының өкілдері мен болашақ мамандар арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар университет пен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтып, практикалық бағыттағы білім беруді дамытуға және студенттердің кәсіби бағдарын қалыптастыруға жол ашты.