21 қазан 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ҰЙЫМДАСТЫРУ МЕН ЖОСПАРЛАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде кафедра меңгерушілерінің қатысуымен білім беру үдерісін ұйымдастыру, академиялық жоспарлау және оқу-әдістемелік жұмысты жетілдіру мәселелеріне арналған жұмыс кездесуі өтті.
Жиынды Академиялық саясат және білім беру бағдарламаларын басқару департаментінің директоры Ержан Домалатов Оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру бөлімі мен «Parasat» студенттерге қызмет көрсету орталығының мамандарымен бірлесіп өткізді.
Кездесуде 2026–2027 оқу жылының екінші семестріне дайындық мәселелері қарастырылды. Қатысушыларға Platonus автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде жұмыс істеу тәртібі түсіндірілді. Атап айтқанда, оқу пәндерін оқытушыларға бекіту, оқу жүктемесін бөлу, сабақтардың ауысымдылығын белгілеу, академиялық сағаттардың оқу жоспарларына сәйкестігін тексеру және сабақ кестесін әзірлеуге қажетті мәліметтерді дайындау мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар 2027–2028 оқу жылына арналған академиялық қызметті жоспарлау мәселелеріне назар аударылды. Білім беру үдерісін ұйымдастыру, дайындық жұмыстарының кезеңдері және кафедралардың оқу жұмысын жоспарлауға қатысты міндеттерді уақытылы орындау қажеттігі сөз болды.
Бұдан бөлек, оқу және оқу-әдістемелік әдебиеттерді басып шығаруды жоспарлау, білім беру бағдарламаларын оқу-әдістемелік қамтамасыз етуді жетілдіру және университеттің құрылымдық бөлімшелері арасындағы жұмысты үйлестіру мәселелері қарастырылды.
Кездесу барысында кафедра меңгерушілері оқу үдерісін ұйымдастыру кезінде туындайтын өзекті мәселелерді талқылап, пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ университеттің жауапты бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасау тәртібі бойынша қажетті түсіндірмелер алды.
Жиын қорытындысында алдағы оқу кезеңдеріне уақтылы дайындалуға, академиялық жоспарлаудың тиімділігін арттыруға және білім беру үдерісінің сапасын қамтамасыз етуге бағытталған негізгі міндеттер айқындалды.
Мұндай жұмыс кездесулері кафедралар мен бейінді бөлімшелердің қызметін үйлестіруге, оқу үдерісін ұйымдастыруды жетілдіруге және академиялық басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.



