22 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ БИОЛОГИЯ КАФЕДРАСЫНЫҢ АКАДЕМИЯЛЫҚ КОМИТЕТ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебіне қарасты Биология кафедрасында 2026–2027 оқу жылындағы алғашқы академиялық комитет отырысы өтті.

Жиынға кафедра оқытушылары, білім алушылар және жұмыс беруші ұйымдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар академиялық комитеттің құрамын бекітіп, 2027 жылға арналған элективті пәндер каталогтарын қарастырды. Сонымен қатар педагогтердің білімін бағалауға арналған тест тапсырмаларын жаңарту, практикалық даярлықты жетілдіру, кәсіптік бағдар беру жұмысын дамыту және білім беру мен ғылыми-зерттеу қызметінде жасанды интеллектіні қолдану мәселелерін талқылады.

№6 орта мектептің директоры Айнұр Әділбекқызы Асқарова 6В01516 «Биология IP» және 6В01512 «Биология – жаратылыстану» білім беру бағдарламалары мектептегі биология курсының негізгі бөлімдерін қамтитынын атап өтті. Сонымен бірге биомедицина мен эмбриология бағытындағы пәндердің мазмұнын тереңдету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Шығыс Қазақстан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Бауыржан Саветович Аубакиров өңірде аңшылықтану және балық шаруашылығы салалары бойынша білікті мамандарға сұраныс бар екенін жеткізді.

Ал «Пасека» шаруа қожалығының жетекшісі Валерий Мұхтарович Касымбаев ара ауруларын зерттеу, олардың алдын алу әдістерін меңгеру және омарта шаруашылығы өнімдерін өндірудің заманауи технологияларын игерудің өзектілігіне тоқталды.

Отырыс қорытындысы бойынша элективті пәндердің мазмұнын жаңарту, білім алушылардың бейінді ұйымдар базасында практикалық даярлығын кеңейту және дуальды оқыту элементтерін дамыту жөнінде ұсыныстар берілді.

Сондай-ақ білім беру үдерісіне жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселесіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар аталған технологиялардың білім беру бағдарламаларына енгізіліп жатқанын, педагогикалық бағыттағы түлектердің осы сала бойынша қосымша сертификаттар алатынын атап өтті.

Бұдан бөлек, инклюзивті білім беру бағытында білім алушылардың даярлығын жалғастырып, тиісті білімін растайтын құжаттар беру ұсынылды.

Отырыс барысында әзірленген ұсынымдар білім беру бағдарламаларын одан әрі жетілдіру, болашақ мамандарды даярлау сапасын арттыру және Биология кафедрасының жұмыс берушілермен, білім беру ұйымдарымен ынтымақтастығын нығайту кезінде ескерілетін болады.

Академиялық комитет отырыстары университеттің кәсіби қауымдастықпен байланысын нығайтуға, білім берудің практикалық бағытын дамытуға және өңірдің өзекті сұраныстарына сай білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.