4 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ДОКТОРАНТТАРҒА АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Экология және география кафедрасында «8D01506 – География» білім беру бағдарламасының докторанттарына арналған ғылыми кездесу өтті. Кездесуге география ғылымдарының докторы, Алтай мемлекеттік университеті География институтының Экономикалық география және картография кафедрасының профессоры Александр Николаевич Дунец қатысты.

Шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасы аясында ұйымдастырылған кездесуде профессор докторанттарға диссертациялық зерттеулерді дайындау және ғылыми жұмыстың сапасын арттыру мәселелері бойынша кеңес берді.

Кездесу кезінде зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттерін нақтылау, қойылған міндеттерге сәйкес ғылыми әдістерді таңдау және алынған нәтижелерді негіздеп баяндау мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ профессор ғылыми әдебиеттерге шолу әзірлеу бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, ғылыми ортада жиі дәйексөз келтірілетін жарияланымдарды іріктеу, түрлі авторлардың тұжырымдарын салыстыра талдау және зерттеу тақырыбының ғылыми тұрғыдан зерделену деңгейін бағалау жолдарын түсіндірді.

Александр Николаевич диссертациялық зерттеулерді жүргізудегі халықаралық тәжірибесімен бөлісіп, докторанттардың ғылыми жұмыстарының тақырыптық ерекшеліктеріне сәйкес диссертация құрылымы мен мазмұнын жетілдіруге қатысты нақты ұсыныстар берді.

Ғылыми кездесу докторанттардың зерттеу жұмыстарын жүйелеуге, ғылыми-әдіснамалық даярлығын жетілдіруге және диссертациялық зерттеулерінің сапасын арттыруға бағытталды.