29 қазан 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ «ELGE QYZMET: ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕН МҮМКІНДІК» АТТЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде студенттер мен Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік қызмет өкілдері арасында «ELGE QYZMET: Жауапкершілік пен мүмкіндік» атты кездесу өтті. Іс-шараның мақсаты – жастарға мемлекеттік қызмет саласындағы кәсіби мүмкіндіктерді таныстыру және олардың мемлекеттік басқару жүйесіне деген қызығушылығын арттыру.
Кездесуге Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Айдар Серікқазыұлы Садырбаев, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Ержан Медетханұлы Айкымбеков, университет басшылығы және мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрген университет түлектері қатысты.
Іс-шара барысында мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі, конкурстық іріктеу кезеңдері, Мемлекеттік қызметтің жас мамандар мектебіне қабылдану талаптары және мансаптық даму мүмкіндіктері талқыланды. Сонымен қатар мемлекеттік секторға білікті мамандар даярлауда жоғары оқу орындарының рөліне тоқталды.
Кездесудің маңызды бөлігі университет түлектерінің кәсіби тәжірибесімен бөлісуіне арналды. Олар мемлекеттік қызметтегі еңбек жолдары туралы әңгімелеп, студенттерге мамандық таңдаудағы жауапкершілік, кәсіби құзыреттерді дамыту және мансаптық мақсаттарға жету жөнінде ой-пікірлерін жеткізді.
Сондай-ақ студенттерге мемлекеттік қызметке даярлануға, қажетті білім мен тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретін Мемлекеттік қызметтің жас мамандар мектебінің қызметі таныстырылды. Қатысушылар іріктеу тәртібі мен бағдарламаға қатысу мүмкіндіктері туралы ақпарат алды.
«ELGE QYZMET: Жауапкершілік пен мүмкіндік» атты кездесу жастар мен мемлекеттік органдар өкілдері арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға, студенттердің мемлекеттік қызмет туралы түсінігін кеңейтуге және өңірдің кадрлық әлеуетін дамытуға бағытталды.









