4 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ГУМАНИТАРЛЫҚ ҒЫЛЫМДАР ЖОҒАРЫ МЕКТЕБІНІҢ ДАМУ БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Жарасованың Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің басшылығымен кездесуі өтті.

Кездесуде құрылымдық бөлімшенің қызмет нәтижелері, өзекті міндеттері мен алдағы даму перспективалары сөз болды.

Жиынға проректорлар, Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Слямбек Қалибекұлы Оразалин, оқу жұмысы жөніндегі декан орынбасары және кафедра меңгерушілері қатысты.

Талқылау барысында оқу үдерісін ұйымдастыру мәселелеріне басымдық берілді. Атап айтқанда, сабаққа қатысу көрсеткіші, білім алушылардың академиялық үлгерімі, докторанттардың диссертация қорғауы және жоғары мектептің ғылыми қызметі қарастырылды. Сонымен қатар білім беру мен ғылыми-зерттеу жұмысын жетілдіру, ұжым бастамаларын қолдау және жоғары мектеп қызметінің нәтижелілігін арттыру перспективалары талқыланды.

Мұндай кездесулер әрбір құрылымдық бөлімшенің әлеуетін бағалауға, басым бағыттарды айқындауға және дамудың нақты қадамдарын белгілеуге мүмкіндік береді. Кафедралардың қызметін ашық талқылау білім беру сапасын арттыруға және университеттің халықаралық рейтингтердегі позициясын жақсартуға бағытталған.