16 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ «КІТАП КЕРУЕНІ: КЕЙІПКЕР ӘЛЕМІ» ЗИЯТКЕРЛІК ОЙЫНЫ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Кітап керуені: Кейіпкер әлемі» атты зияткерлік ойын ұйымдастырылды.

Іс-шараны Бейбіт Мамраев атындағы ғылыми кітапхана мен Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасы бірлесіп өткізді. Шараны кафедраның сениор-лекторы Жазира Қуатбекқызы Қайырбаева 2-курс студенттерімен бірлесіп ұйымдастырды.

Зияткерлік ойынның құрметті қонағы ретінде Венгрия Ғылым академиясының докторы, Сегед университетінің профессоры Шандор Ласло Папп қатысты.

Сайыс Төлен Әбдіктің «Оң қол» және Дулат Исабековтің «Гауһар тас» шығармалары негізінде өрбіді. Төрт топқа бөлінген студенттер әдеби білімдерін ортаға салып, көркем туындылардағы кейіпкерлердің болмысын талдады. Сонымен қатар шығармалардың идеялық мазмұнын ашуға бағытталған түрлі кезеңдер бойынша өзара бақ сынады.

Ұлттық ойын элементтерімен сабақтасқан тапсырмалар қатысушылардың тапқырлығы мен зеректігін танытуға мүмкіндік берді. Студенттер әдеби шығармаларды терең түсініп, кейіпкерлердің әрекеттері мен авторлық идеяларға қатысты өз пайымдарын ортаға салды.

Мұндай зияткерлік кездесулер жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, көркем әдебиетті талдау, сыни ойлау және өз пікірін еркін жеткізу дағдыларын дамытуға ықпал етеді.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясындағы бұл бастама университет жастары арасында оқу мәдениетін қалыптастыруға, кітап құндылығын дәріптеуге және ұлттық әдеби мұраны насихаттауға бағытталған.