20 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

 

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, әдебиетке деген қызығушылықты арттыруға және рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Кітап оқитын ұлт» тақырыбында кездесу өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың кітап оқуға деген ынтасын арттыру, қазақ және шетел әдебиетінің үздік туындыларын кеңінен таныстыру, көркем шығармаларды талдау арқылы оқырмандық көзқарас пен сыни ойлау қабілетін дамыту.

Кездесуде кітаптың адам дүниетанымын кеңейтудегі, білімін толықтырудағы және тұлғалық дамуына ықпал етудегі маңызы сөз болды. Қатысушылар әдеби шығармалардың мазмұны мен идеясына тоқталып, кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңызын талқылады. Сонымен қатар көркем әдебиетті терең түсініп оқу, шығармалардағы негізгі ойды саралау және автордың көзқарасын зерделеу мәселелері қозғалды.

Іс-шара дөңгелек үстел, әдеби талдау және пікірталас форматында ұйымдастырылды. Қатысушылар өз ойларын ортаға салып, оқыған шығармалары туралы пікір алмасты. Әдеби туындыларды талқылау арқылы әртүрлі көзқарастарды салыстыруға, шығарманың мазмұны мен идеясын тереңірек түсінуге мүмкіндік туды.

Кездесуге университет оқытушылары мен студенттері қатысты.

«Кітап оқитын ұлт» бастамасы жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға, оқырмандық мәдениетті дамытуға және кітаптың қоғам өміріндегі маңызын насихаттауға бағытталған.