27 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ СТУДЕНТТЕРМЕН ТӘЖІРИБЕ БӨЛІСТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің Биология кафедрасында орман ресурстарын пайдалануды ұйымдастырудың заманауи тәсілдері мен табиғи байлықтарды сақтау мәселелеріне арналған қонақ дәрісі өтті.

Кездесу «Қазақстан Республикасындағы орман пайдаланудың тұрақтылығын қамтамасыз ету құралы ретінде орман учаскелерін бөлу және таксациялау: ағаш дайындау, жас өскіндерді сақтау және биоалуантүрлілікті қорғау арасындағы тепе-теңдік» тақырыбына арналды.

Дәріске Шығыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Ердос Ермекұлы Умутов шақырылды. Кездесуге «Орман ресурстары, аңшылықтану және ара шаруашылығы» білім беру бағдарламасының студенттері қатысып, болашақ мамандығының тәжірибелік қырларымен танысуға мүмкіндік алды.

Баяндама барысында спикер орман учаскелерін бөлу және таксациялау жұмыстарын ұйымдастырудың ерекшеліктері мен нормативтік реттелуіне, орман ресурстарын ұтымды әрі тұрақты пайдалану қағидаттарына тоқталды. Сондай-ақ ағаш дайындау кезінде жас ағаштарды сақтап қалу, биоалуантүрлілікті қорғау және орман экожүйелеріндегі экологиялық тепе-теңдікті сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесудің маңызды бөлігі орманды таксациялау жұмыстарында қолданылатын заманауи өлшеу құралдары мен арнайы жабдықтармен танысуға арналды. Студенттер олардың жұмыс істеу ерекшеліктерін көріп, теориялық білімнің өндірістік жағдайда қалай жүзеге асатыны жөнінде түсінік алды.

Кәсіби сала өкілдерімен мұндай кездесулер болашақ мамандарды даярлауда маңызды рөл атқарады. Олар студенттердің кәсіби білімін кеңейтіп қана қоймай, орман шаруашылығы саласының нақты міндеттерін түсінуге, заманауи технологиялармен және табиғи ресурстарды жауапкершілікпен пайдалану талаптарымен танысуға мүмкіндік береді.

Amanzholov University мазмұнды дәрісі, ашық пікір алмасуы және студенттерге орман шаруашылығы саласындағы практикалық тәжірибемен танысуға мүмкіндік бергені үшін Ердос Ермекұлы Умутовқа алғыс білдіреді.