20 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ «QAZAQ QUIZ: МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ» ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ОЙЫНЫ ӨТТІ

Қазақстан Республикасының Республика күніне орай Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Экология және география кафедрасы «Qazaq Quiz: Менің Қазақстаным» атты интеллектуалды ойын ұйымдастырды.

Іс-шараға кафедраның алты білім беру бағдарламасы бойынша білім алушылар мен олардың кураторлары қатысты. Қатысушылар командаларға бөлініп, Қазақстанның тарихы, географиясы мен мәдениеті, ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрлері, сондай-ақ еліміздің көрікті жерлері туралы білімдерін ортаға салды.

Интеллектуалды ойын Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының төртіншісі — «Сапалы білім» бағытына сәйкес ұйымдастырылды. Іс-шара студенттердің танымдық белсенділігін арттыруға, ой-өрісін кеңейтуге, логикалық ойлау қабілетін дамытуға және командалық жұмыс дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.

Сайыста қатысушылар өздерінің білім деңгейін, тапқырлығы мен шапшаң ойлау қабілетін көрсетті. Командалар зияткерлік бәсекеге белсенді қатысып, Қазақстанның тарихына, мәдени мұрасы мен географиялық ерекшеліктеріне деген қызығушылықтарын танытты.

Ойын қорытындысы бойынша «Меридиан 360» командасы бірінші орынға, ATOM & LIFE командасы екінші орынға, ал GEO MIND командасы үшінші орынға ие болды. Жеңімпаздар дипломдармен марапатталды. Барлық қатысушыларға сертификаттар, ал командалардың кураторларына алғыс хаттар табысталды.

«Qazaq Quiz: Менің Қазақстаным» интеллектуалды ойыны студенттерге өз білімдерін сынап қана қоймай, туған елінің тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылықтарын арттыруға мүмкіндік берді. Мұндай танымдық шаралар жастардың бойында отансүйгіштік сезімді, азаматтық жауапкершілікті және ұлттық құндылықтарға деген құрметті қалыптастырып, оларды Отанға деген сүйіспеншілік жолында біріктіруге ықпал етеді.