27 қараша 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ РЕНТГЕНОЛОГИЯЛЫҚ ДИАГНОСТИКА ӘДІСТЕРІНЕ АРНАЛҒАН АШЫҚ САБАҚ ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Медициналық оңалту және неонатология» кафедрасының ұйымдастыруымен «Тоқтамыс» балаларды оңалту орталығында «Эргопедагогика» білім беру бағдарламасының 101-топ студенттеріне арналған ашық сабақ өтті.
«Рентгенологиялық диагностика әдістері. Рентгенография негіздері. Сүйектер мен буындардың рентгендік кескіндері. Сынықтар, деформациялар және артроз кезіндегі негізгі өзгерістерді анықтау» тақырыбындағы сабақты кафедра оқытушысы А. С. Тлемисов өткізді. Ашық сабаққа кафедра меңгерушісі А. Р. Алимбаева және профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Сабақта рентгенологиялық диагностиканың негізгі қағидаттары мен тірек-қимыл аппаратының жағдайын бағалауда рентгенографияны қолдану мүмкіндіктері қарастырылды. Студенттер рентгендік кескіндерді алу және талдау ерекшеліктерімен танысып, сүйек құрылымдары мен буындардың бейнеленуін зерттеді. Сонымен қатар сынықтар, деформациялар және артрозға тән дегенеративті өзгерістердің негізгі белгілерін ажыратуды үйренді.
Сабақ барысында рентген суреттері арқылы патологиялық өзгерістерді анықтау дағдыларын меңгеруге ерекше мән берілді. Бұл білім болашақ эрготерапия және эргореабилитация мамандары үшін пациенттің жағдайын жан-жақты бағалауға және оны оңалтудың тиімді тәсілдерін айқындауға қажет.
Ашық сабаққа университеттің психология және түзету педагогикасы кафедрасының өкілдері де онлайн форматта қатысты. Олардың қатарында профессор, психология ғылымдарының докторы Наталья Ладзина, қауымдастырылған профессор, психология ғылымдарының кандидаты Мадина Ауренова, сениор-лекторлар Жанар Смаилова, Қарақат Байтемирова, Құралай Тоқтарбекова, Бибинұр Тұрымтаева және Арай Теңкебаева болды.
Алынған білім студенттердің болашақ кәсіби қызметі үшін маңызды. Тірек-қимыл аппараты бұзылыстарының ерекшеліктерін түсіну оларға мультидисциплинарлық топ (МДТ) мамандарымен тиімді өзара әрекеттесуге, пациенттің жеке ерекшеліктерін ескеруге және жеке оңалту бағдарламаларын әзірлеу мен жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Ашық сабақ кәсіби пікір алмасу мен тәжірибе бөлісуге ұласты. Бұл кездесу студенттердің теориялық білімін тереңдетіп қана қоймай, кафедралар арасындағы байланысты нығайтуға және практикалық бағыттағы оқыту сапасын арттыруға жол ашты.


