6 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ШЕТЕЛДІК ҒАЛЫММЕН ҒЫЛЫМИ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Экология және география кафедрасында Алтай мемлекеттік университеті География институтының Экономикалық география және картография кафедрасының профессоры, география ғылымдарының докторы Александр Николаевич Дунецпен профессор-оқытушылар құрамының ғылыми-әдістемелік кездесуі ұйымдастырылды.

Кездесу шетелдік ғалымдарды университетке тарту бағдарламасы аясында өтті. Жиында тараптар ғылыми ынтымақтастықты дамытудың перспективалық бағыттарын, бірлескен зерттеу жобаларын әзірлеу мен жүзеге асыру мүмкіндіктерін, зерттеу нәтижелерін халықаралық ғылыми басылымдарда жариялау және академиялық ұтқырлықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, география бағытындағы білім беру бағдарламаларының мазмұнын жетілдіру және екі университет арасындағы академиялық байланысты нығайту мәселелеріне басымдық берілді.

Кездесу қорытындысында Экология және география кафедрасы мен Алтай мемлекеттік университеті арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын одан әрі дамытудың негізгі бағыттары айқындалды. Мұндай кездесулер халықаралық тәжірибе алмасуға, ғылыми әлеуетті арттыруға және жоғары білім беру саласындағы серіктестікті нығайтуға жол ашады.