5 қараша 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ СТУДЕНТТЕРГЕ АРНАЛҒАН ОҚУ СОТ ПРОЦЕСІ ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Істі мәні бойынша қарау» тақырыбында оқу сот процесі ұйымдастырылды.
Практикалық сабаққа «Құқықтану» және «Сот және прокурорлық қызмет» білім беру бағдарламаларының 3-курс студенттері қатысты. Сонымен қатар шараға Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьясы Анжелика Владимировна Волоткина және ғылыми жетекші, заң ғылымдарының кандидаты, Құқықтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Марианна Ивановна Дячук қатысты.
Оқу сот процесінің негізгі мақсаты – студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыру, болашақ заңгерлердің сот жүйесінің қызметі туралы тұтас түсінігін қалыптастыру және шынайы сот отырысына барынша жақын жағдайда кәсіби қызметтің алғашқы тәжірибесін меңгерту.
Іс-шара аясында студенттер сот процесінің құрылымы мен негізгі кезеңдерін, сот отырысын жүргізу тәртібін тәжірибе жүзінде пысықтады. Сондай-ақ құқықтық нормаларды нақты жағдайларға қолдану, заңнамалық актілерді іздеу және түсіндіру, дәлелдемелерді жинау, тексеру мен бағалау дағдыларын жетілдірді.
Практикалық жұмыс кезінде қатысушылардың кәсіби-коммуникативтік қабілеттерін дамытуға да басымдық берілді. Атап айтқанда, сотта сөз сөйлеу, өз ұстанымын дәлелді жеткізу, процессуалдық құжаттар әзірлеу, топпен жұмыс істеу және сот отырысының регламентіне сай әрекет ету дағдылары қалыптастырылды.
Сонымен қатар оқу сот процесі болашақ заңгерлердің құқықтық санасын арттыруға, заңға құрметпен қарауға, сот әдебін сақтауға және кәсіби жауапкершілікті сезінуге бағытталды. Студенттер тараптардың жарыспалылығы, судьялардың тәуелсіздігі және заңгердің кәсіби этикасы қағидаттарының маңызын тәжірибе жүзінде зерделеді.
Мұндай тәжірибелік сабақтар студенттердің кәсіби даярлығын жетілдіріп, алған білімдерін нақты құқықтық жағдайларда қолдану қабілетін дамытуға ықпал етеді.









