19 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ СТУДЕНТТЕРГЕ БУЛЛИНГ ПЕН БОПСАЛАУДЫҢ ЗАҢДЫҚ САЛДАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Құқықтық сауаттылық – қауіпсіз ортаның негізі. Буллинг, кибербуллинг, бопсалау және психологиялық қысым көрсету – жай ғана келіспеушілік емес, заңмен жауапкершілік көзделген құқыққа қайшы әрекеттер. Осындай жағдайлардың алдын алу және студенттердің құқықтық сауатын арттыру мақсатында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ШҚО Полиция департаменті өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды.

Ашық диалог форматында өткен кездесуде Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жастар арасында кездесетін буллинг, кибербуллинг және бопсалау фактілеріне тоқталып, нақты мысалдар келтірді. Сондай-ақ мамандар тұрмыстық жанжал мен құқық бұзушылықтың айырмашылығын түсіндіріп, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жауапкершілік түрлері туралы баяндады.

Кездесудің маңызды бөлігі қысымға немесе мәжбүрлеуге тап болған жағдайда қалай әрекет ету керектігіне арналды. Құқық қорғау органдарының өкілдері студенттерге мұндай жағдайларды жасырмай, мәселені өз бетінше шешуге тырыспай, университет әкімшілігіне, кураторларға немесе полиция қызметкерлеріне дереу хабарласу қажеттігін ескертті. Уақытылы жасалған хабарлама құқық бұзушылықтың жолын кесуге және оның қайталануына жол бермеуге көмектеседі.

Қауіпсіз әрі қолайлы университет ортасын қалыптастыру – баршаға ортақ міндет. Бұл өзара құрметтен, құқықтық сауаттылықтан және кез келген заңсыз әрекетке бейжай қарамаудан басталады.