24 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ТҰРАҚТЫ ДАМУ ҚАҒИДАТТАРЫН БІЛІМ БЕРУ ҮДЕРІСІНЕ ЕНГІЗУГЕ АРНАЛҒАН ОНЛАЙН ДӘРІС ӨТЕДІ

Пьер-Филипп Дешант тұрақты даму мақсаттарын білім беру үдерісіне енгізу тәжірибесімен бөліседі

2026 жылғы 25 қарашада сағат 15:00-де Ұлыбританияның Лидс университетінің өкілі Пьер-Филипп Дешанттың (Pierre-Philippe Dechant) «Тұрақты даму қағидаттарын студенттерге білім беру үдерісіне енгізу: институционалдық және кафедралық стратегиялық тәсілдер» тақырыбында онлайн дәрісі өтеді.

Қазіргі білім алушылар жоғары оқу орнындағы білім тек кәсіби даярлықпен шектелмей, тұрақты даму мәселелерін қоса алғанда, жаһандық сын-қатерлерді терең түсінуге мүмкіндік бергенін қалайды. Бұл өз кезегінде құзыреттерді қалыптастыруға, құндылық бағдарларын дамытуға, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға және қоғаммен өзара байланысты нығайтуға бағытталған жаңа тәсілдерді қажет етеді.

Дәріс барысында спикер Лидс университетінің тұрақты даму қағидаттарын білім беру үдерісіне енгізу тәжірибесін таныстырады. Атап айтқанда, Sustainable Curriculum жобасына, университеттің Климаттық жоспарына және жоғары білім беру саласындағы тұрақты даму мәселелерімен айналысатын пәнаралық LUNSHE (Leeds Network for Sustainability in Higher Education) желісінің қызметіне ерекше назар аударылады.

Сонымен қатар Пьер-Филипп Дешант тұрақты даму тақырыптарын математика бойынша білім беру бағдарламаларына кіріктіру тәжірибесімен бөліседі. Іске асырылған бастаманың нәтижесінде тұрақты даму мәселелері қамтылған оқу пәндерінің саны нөлден жиырмаға дейін артып, бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасуда.

Сондай-ақ қатысушылар Лидс университетінің жергілікті және халықаралық серіктестерімен бірлесіп, ашық білім беру ресурстарын әзірлеу, білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру бағытындағы ынтымақтастығымен танысады.

Дәріске профессор-оқытушылар құрамы, зерттеушілер, білім алушылар және тақырыпқа қызығушылық танытқан барлық азаматтар шақырылады.

Өтетін күні: 2026 жылғы 25 қараша

Уақыты: 15:00

Форматы: онлайн

Спикер: Пьер-Филипп Дешант (Pierre-Philippe Dechant), Ұлыбританияның Лидс университеті.