21 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ТЕОЛОГИЯЛЫҚ ОҢАЛТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ОБЛЫСТЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі теологиялық оңалту жұмыстарын ұйымдастыруға арналған облыстық оқыту семинары өтті.

Іс-шарада БҰҰ-ның халықаралық стандарттары, ар-ождан бостандығын сақтау және діни экстремизмнің алдын алу мәселелері қарастырылды. Семинар қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталды.

Семинардың негізгі сарапшыларының бірі – заң ғылымдарының докторы, Amanzholov University Құқықтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Қуат Хажымұханұлы Рахимбердин. Ол өз баяндамасында Нельсон Мандела қағидаларында бекітілген халықаралық стандарттарға, адам қадір-қасиетін құрметтеу мен ар-ождан бостандығын қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.

Сонымен қатар БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу, оңалту және қоғамға қайта бейімдеу бағытындағы халықаралық тәжірибесі талқыланды.

Семинарды Шығыс Қазақстан облысының Дін істері басқармасы, Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті және «Қазақстандық халықаралық құқықтық ынтымақтастық қоры» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырды.

Іс-шара академиялық қауымдастық пен құқық қорғау органдары арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға және теологиялық оңалту саласындағы тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.