2 қараша 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ВЕНГРИЯ МЕН РЕСЕЙДЕН КЕЛГЕН ҒАЛЫМДАР ДӘРІС ОҚИДЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне шетелдік ғалымдар – Венгриядағы Сегед университетінің профессоры Шандор Папп пен Ресей Федерациясындағы Алтай мемлекеттік университетінің география ғылымдарының докторы Александр Дунец келді.
Шандор Папп – Сегед университетінің профессоры, Венгрия ғылым академиясының докторы, белгілі тарихшы әрі шығыстанушы. Ол Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультетіндегі алтаистика кафедрасын, сондай-ақ Орта ғасырлар мен ерте жаңа дәуірдегі Венгрия тарихы кафедрасын басқарады. Ғалымның ғылыми қызығушылықтары алтаистика, түркітану, Осман империясының тарихы, осман-венгр қарым-қатынастары және түркі халықтарының тарихын қамтиды.
Сегед университеті – Венгрияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Білім беру мен ғылыми зерттеулер саласында қалыптасқан бай дәстүрі бар университет халықаралық деңгейде танылған. QS World University Rankings 2027 рейтингі бойынша әлемнің үздік жоғары оқу орындары арасында 633-орынға ие.
Александр Николаевич Дунец – география ғылымдарының докторы, Ресей Федерациясындағы Алтай мемлекеттік университетінің профессоры. Ғалымның зерттеу бағыттары экономикалық және рекреациялық географияны, аумақтық жоспарлауды, туризмді дамытуды, туристік-рекреациялық жүйелерді қалыптастыруды және трансшекаралық аумақтарды зерттеуді қамтиды.
Алтай мемлекеттік университеті – Ресейдегі ірі білім беру және ғылыми-зерттеу орталықтарының бірі. Университет халықаралық әріптестікті дамытуға және Ұлы Алтайды зерттеу бағытындағы ғылыми жобаларды жүзеге асыруға ерекше көңіл бөледі. QS World University Rankings 2027 рейтингісінде 901–950 орындар аралығында орналасқан.
Шетелдік ғалымдар университетке сапары аясында Басқарма төрағасының орынбасары – стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Ирина Ровняковамен кездесті. Кездесу кезінде шақырылған профессорлардың жұмыс бағдарламасы, алдағы дәрістер мен ғылыми іс-шаралардың мазмұны, сондай-ақ университеттер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Әсіресе бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, ғылыми тәжірибе алмасу, академиялық жарияланымдар әзірлеу және халықаралық кәсіби байланыстарды кеңейту мәселелеріне басымдық берілді.
Ирина Владимировна Ровнякова шетелдік әріптестеріне университеттің студенттері, магистранттары, докторанттары мен профессорлық-оқытушылық құрамына өз білімдері мен ғылыми тәжірибесін бөлісуге дайын болғаны үшін алғыс білдірді. Ол шетелдік білікті мамандарды академиялық ортаға тартудың білім беру сапасын арттырудағы, ғылыми әлеуетті нығайтудағы және халықаралық байланыстарды кеңейтудегі маңызын атап өтті.
Amanzholov University-де болу кезеңінде Шандор Папп пен Александр Дунец білім алушылардың әртүрлі деңгейлеріне арналған дәрістер мен практикалық сабақтар өткізеді. Сонымен қатар ғылыми семинарларға қатысып, жас зерттеушілерге кеңес береді және университет оқытушыларымен кәсіби тәжірибе алмасады.
Халықаралық ғылыми ортада танылған ғалымдарды университетке шақыру білім беру үдерісіне озық ғылыми тәсілдерді енгізуге, білім алушылардың зерттеушілік қабілеттерін дамытуға және университетаралық бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Мұндай кездесулер Amanzholov University-дің халықаралық байланыстарын нығайтып, білім мен ғылымдағы тәжірибе алмасуға негізделген ашық академиялық ортаны қалыптастыруға ықпал етеді
