20 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ XVII «ХИМИЯЛЫҚ КАЛЕЙДОСКОП» ТУРНИРІНІҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Amanzholov University-де мектеп оқушылары арасында дәстүрлі XVII «Химиялық калейдоскоп – 2026» турнирі өтті. Биылғы сайыс «Бейметалдар және олардың маңызды қосылыстары» тақырыбына арналды.

Қатысушыларды университеттің химия кафедрасының профессоры Бақыт Калиасқарқызы Шаихова құттықтап, білім додасына сәттілік тілеп, болашақта университет қабырғасында білім алуға шақырды.

Турнир бірнеше кезеңнен тұрды. Оқушылар «Танысу», «Ой сергіту», «Белсенді жанкүйер», «Химиктер мен лириктер», капитандар сайысы және «Жас химик» кезеңдерінде өз білімдері мен тапқырлықтарын сынға салды. Сонымен қатар қатысушылар заманауи зертханаларда тәжірибе жасап, химиялық жұмбақтар шешіп, викториналарға, флешмоб пен «Химиялық караоке» сайысына қатысты.

Турнир қорытындысы бойынша жекелеген номинациялар иегерлері де анықталды. «Үздік экспериментатор» аталымында Колесников Эрнест пен Абраева Ассель, ал «Үздік теоретик» аталымында Леунова Анна жеңімпаз атанды. Үшеуі де математика, физика және информатика пәндері бойынша дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицейінің оқушылары.

«Белсенді жанкүйерлер» және «Химиктер мен лириктер» аталымдарында «Квантовый фуллерен» командасы үздік деп танылды.

Жалпы командалық есепте:

III орын – «Йодные чемпионы» (№18 орта мектеп) және «Элементум» (Сағадат Нұрмағамбетов атындағы №4 мектеп);

II орын – «Квантовый фуллерен» (№11 мектеп-лицейі) және «Halogen Hunters» (Өскемен қаласындағы жаратылыстану-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің филиалы);

I орын – «Азотики» (математика, физика және информатика пәндері бойынша дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицейі).

«Химиялық калейдоскоп» турнирі оқушылардың жаратылыстану ғылымдарына қызығушылығын арттырып, химия пәні бойынша білімдерін тәжірибе жүзінде шыңдауға мүмкіндік берді.