30 қазан 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ «ЗАҢ ЖӘНЕ МЕН» ОБЛЫСТЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Заң және мен» атты облыстық шығармашылық байқаудың қорытынды кезеңі өтті. Байқау «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілетуге, «Бірлікте күш бар» жобасын жүзеге асыруға және 2026–2027 жылдарға арналған өңірлік жастар саясаты стратегиясын іске асыруға бағытталған.
Іс-шараны Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен прокуратурасы ұйымдастырды.
Байқауға облыс қалалары мен аудандарындағы жалпы білім беретін мектептердің оқушылары және колледж студенттері қатысты. Іріктеу кезеңдері өңірдің екі қаласы мен он бір ауданында ұйымдастырылып, 700-ден астам мектеп оқушысы мен 170-тен астам колледж студентін қамтыды. Қорытынды кезеңге шығармашылық қабілеттерін танытып, өзекті әлеуметтік және құқықтық тақырыптарда сахналық қойылымдар әзірлеген үздік командалар жолдама алды.
Қатысушылар заң талаптарын сақтау, өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарау, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллингке қарсы күрес, лудоманияның алдын алу, сондай-ақ жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру тақырыптарын арқау еткен қойылымдарын ұсынды.
Байқау жұмыстарын прокуратура, театр саласы, жастар ұйымдары және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының өкілдерінен құралған кәсіби қазылар алқасы бағалады. Жеңімпаздарды анықтау кезінде қойылымдардың байқау тақырыбына сәйкестігі, идеяның ерекшелігі, орындау шеберлігі, сахна мәдениеті мен ұсынылған жұмыстардың әлеуметтік маңыздылығы ескерілді.
Іс-шара аясында Amanzholov University мен университеттің Жоғары колледжі студенттерінің қатысуымен шығармашылық бағдарлама да ұсынылды.
Байқау қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталды. Ал жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды. Атап айтқанда, бірінші орын иегеріне – 200 мың теңге, екінші орынға – 150 мың теңге, үшінші орынға – 100 мың теңге көлемінде сертификат берілді.
Шығармашылық байқау жас қатысушыларға азаматтық ұстанымын өнер арқылы білдіруге, құрдастарының назарын заңдылық пен құқықтық тәртіп мәселелеріне аударуға және қоғам өміріндегі жеке жауапкершіліктің маңызын көрсетуге мүмкіндік берді.









