10 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ «ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП ҚҰНДЫЛЫҒЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА АШЫҚ ДӘРІС ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің Биология кафедрасында студенттер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Заң және тәртіп құндылығы» тақырыбында ашық дәріс ұйымдастырылды.

Шараны ҚР ІІМ Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің полиция капитаны Дюсембаев Фархад Агланович жүргізді.

Дәріс барысында полиция қызметкері жастар арасында жиі кездесетін құқық бұзушылық түрлеріне тоқталып, олардың себептері мен салдарларын түсіндірді. Шарада мынадай өзекті мәселелер қозғалды:

  1. Ұсақ бұзақылық пен төбелес
  2. Ұрлық және есірткі заттарын тарату мен қолдану
  3. Интернет-алаяқтық пен кибербуллинг

Тәртіп сақшысы әрбір заңсыз іс-әрекет үшін көзделген әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті нақты мысалдармен баяндап берді.

Цифрлық қауіпсіздік – басты назарда

Кездесуде киберқауіпсіздік тақырыбына ерекше көңіл бөлінді. Студенттерге мынадай маңызды ережелер ескертілді:

  1. Жеке деректерді бейтаныс адамдарға бермеу
  2. Күмәнді сілтемелерге өтпеу және «оңай табыс» ұсынатын хабарламаларға сенбеу
  3. Жеке банк картасын немесе шотын өзгелерге пайдалануға бермеу (бұл «дропперлік» схемаға тартылып, қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін)

Ашық дәріс сұрақ-жауап форматында өтіп, студенттер өздерін толғандырған сауалдарына құқық қорғау органы өкілінен тұщымды жауаптар алды.

Мұндай шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, заңға құрметпен қарауға және азаматтық жауапкершілікті терең сезінуге тәрбиелейді.