6 қараша 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ «ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР ЭКОНОМИКАСЫ: ӘЙЕЛДЕР, КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯЛАР» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Жаңа мүмкіндіктер экономикасы: әйелдер, кәсіпкерлік және технологиялар» тақырыбында республикалық семинар өтті. Маңызды басқосу цифрлық трансформация жағдайында әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, кәсіпкерлікті дамыту, еңбек нарығындағы жаңа бағыттарды айқындау және кәсіби әлеуетін арттыру мәселелеріне арналды.
Семинарға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Лаура Қарабасова, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Гүлнара Бижанова, мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтың, білім беру және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Басқосу аясында үш бағыт бойынша панельдік сессиялар ұйымдастырылды. Қатысушылар жасанды интеллект пен цифрландырудың әйелдердің экономикалық мүмкіндіктеріне ықпалын, еңбек құқықтарын қорғау, қаржылық сауаттылық, икемді жұмыспен қамту, өңірлік кәсіпкерлік пен IT саласындағы әйелдердің рөлін талқылады. Сонымен қатар цифрлық денсаулық сақтау, адами капиталды дамыту және кәсіби білім беру мәселелері де назарға алынды.
Семинардың маңызды бөлімдерінің бірі – Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Гүлжан Жарасова жетекшілік еткен «Білім беруді цифрландыру: әйелдердің кәсіби дамуына арналған жаңа мүмкіндіктер» атты секция болды.
Аталған алаңда университет мамандары білім беру саласына жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды, жаңа жобалар мен әзірлемелерді таныстырды. Қатысушыларға AI-Sana ұлттық бастамасы, оқытушылардың жұмысын жеңілдетуге арналған AI-Ustaz интеллектуалды көмекшісі, білім беру үдерістерін автоматтандыруға бағытталған C2U жүйесі және университетте әзірленіп жатқан өзге де цифрлық шешімдер туралы ақпарат берілді.
Секция аясында қатысушылардың белсенділігін арттырып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тәжірибе жүзінде танытуға бағытталған интерактивті ойын да ұйымдастырылды. Бұл формат технологиялық жаңашылдықтарды теориялық тұрғыда талқылаумен шектелмей, олардың білім беру мен кәсіби қызметтегі қолданысын көрсетуге мүмкіндік берді.
Гүлжан Жарасованың секцияға жетекшілік етуі университеттің білім беруді цифрландыру, заманауи технологияларды оқу үдерісіне енгізу және әйелдердің кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру бағытындағы ұстанымын айқындай түсті.
Семинардың практикалық бөлімінде жасанды интеллектіні қолдану, киберқауіптерден қорғану, үдерістерді автоматтандыру және еңбек қатынастарындағы құқықтық тәуекелдерді басқару тақырыптарында шеберлік сабақтары өткізілді.
Республикалық семинар Amanzholov University-дің білім беру мен технологиялық жаңашылдықтарды ұштастыратын, өзекті қоғамдық-экономикалық мәселелерді талқылауға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін алаң ретіндегі рөлін тағы бір мәрте көрсетті.









