16 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ «ЖАСЫЛ БОЛАШАҚ» ЭКОВИКТОРИНАСЫ ӨТТІ

 

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Ақпараттық технологиялар және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің Экология және география кафедрасында «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасы мен Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру аясында «Жасыл болашақ» атты экологиялық викторина өтті. Зияткерлік сайысқа «Экология» білім беру бағдарламасының қазақ және орыс тілдерінде білім алатын 4-курс студенттері қатысты.

Іс-шараны Экологиялық клубтың жетекшілері Бибигүл Серікқызы Даукенова мен Әсем Оралдинқызы Орсаринова, сондай-ақ сениор-лектор Серік Асқарұлы Бакин ұйымдастырды.

Эковикторинаның негізгі мақсаты – студенттердің экологиялық сауаттылығын арттыру, экологиялық ойлау қабілетін дамыту, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру және экология, табиғатты қорғау мен тұрақты даму салаларындағы кәсіби білімдерін бекіту.

Викторина бағдарламасы бес тақырыптық кезеңнен тұрды. Әр кезеңде қатысушылар өз білімдерін, эрудициясын және теориялық білімдерін тәжірибеде қолдану қабілеттерін көрсетті.

«Экологиялық эрудит» кезеңінде студенттер жалпы экология, табиғатты қорғау қызметі және экологиялық заңдылықтар бойынша сұрақтарға жауап берді. Ал «Қазақстан экологиясы» кезеңі еліміздегі өзекті экологиялық мәселелерге, табиғи ресурстарға, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға және қоршаған ортаны сақтау шараларына арналды.

«Шындық па, әлде миф пе?» кезеңінде қатысушылар экологиялық тұжырымдардың дұрыстығын анықтап, ғылыми фактілерді көпшілік арасында кең тараған жаңсақ пікірлерден ажырата білетіндерін көрсетті. «Экологиялық жағдай» кезеңінде нақты экологиялық мәселелер талданып, оларды шешу жолдары ұсынылды. Сонымен қатар студенттер экологиялық тұрғыдан негізделген шешім қабылдау дағдыларын танытты.

Қорытынды «Тұрақты даму» кезеңінде табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану қағидаттары, экологиялық жауапкершілік және экологиялық қауіпсіз болашақты қалыптастыру перспективалары қарастырылды.

Эковикторина интеллектуалдық бәсеке, белсенділік пен өзара қолдау ахуалында өтті. Барлық кезеңде қатысушылар жоғары қызығушылық танытып, логикалық ойлау қабілеттерін және кәсіби білімдерін тереңдетуге деген ұмтылыстарын көрсетті.

Бес кезеңнің қорытындысы бойынша:

 І орын – Яковенко Илья мен Бейсембинова Еркежан;
 ІІ орын – Попович Милена мен Мавлюдова Толқын;
 ІІІ орын – Махонина Виктория мен Орынғазин Ерсұлтан;
 IV орын – Нигметов Руслан, Шукалакова Сабина және Муздапарова Әсел.

Барлық қатысушы экология саласындағы білімдерін көрсетіп, өзекті табиғат қорғау міндеттерін шешуде оны қолдануға дайын екендіктерін дәлелдеді.

«Жасыл болашақ» эковикторинасын өткізу Аманжолов университетінің Экологиялық клубы жүзеге асыратын оқу-тәрбие және ғылыми-ағартушылық жұмыстың маңызды бөлігі болды. Іс-шара болашақ экологтардың кәсіби құзыреттерін дамытуға, қазақ және орыс тілдерінде білім алатын студенттер арасындағы өзара байланысты нығайтуға, сондай-ақ жастардың қоршаған ортаны қорғау мен тұрақты даму мәселелеріне деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.

Мұндай бастамалар университеттің экологиялық жауапкершілігі жоғары, заманауи экологиялық мәселелерді шешуге және тұрақты даму қағидаттарын жүзеге асыруға үлес қоса алатын ұрпақ қалыптастыруға бағытталған жұмысын көрсетеді.

Эковикторинаның жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтаймыз! Барлық қатысушыға оқуда, ғылыми-зерттеу қызметінде және кәсіби қалыптасу жолында толағай табыс тілейміз!

Экологиялық білім, табиғатқа жауапкершілікпен қарау және нақты іс-әрекетке дайын болу – қоршаған ортаны сақтаудың әрі тұрақты болашақ қалыптастырудың маңызды шарттары. Өйткені планетамыздың болашағы әрқайсымыздың бүгінгі әрекетімізден басталады!