13 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ «ЖАСЫЛ ТОЛҚЫН» ҒЫЛЫМИ-ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҮЙІРМЕСІНІҢ КӨРМЕСІ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасын қолдауға бағытталған «Экология әрқайсымыздан басталады» экологиялық акциясы аясында «Жасыл толқын» ғылыми-экологиялық үйірмесінің көрмесі өтті.

Іс-шараны IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің Экология және география кафедрасы ұйымдастырды. Көрменің негізгі мақсаты – студенттердің экологиялық мәдениетін қалыптастыру, зерттеушілік құзыреттерін дамыту және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ғылыми білімді насихаттау.

Көрмеге студенттердің өзекті экологиялық мәселелерге, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға, биоалуантүрлілікті сақтауға және тұрақты даму қағидаттарына арналған ғылыми-зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстары қойылды.

Көрме студенттердің зерттеу нәтижелерін таныстыруға, өзара тәжірибе алмасуға және экологиялық бастамаларды талқылауға мүмкіндік берді. Қатысушылар ғылыми әрі шығармашылық жұмыстарының нәтижелерін ұсынып, табиғатқа жанашырлықпен қарау мен қоршаған ортаның жай-күйіне әр адамның жауапкершілікпен қарауының маңызын көрсетті.

Мұндай іс-шаралар жастардың экологиялық ойлау мәдениетін дамытуға, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және студенттерді «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы табиғатты қорғау бастамаларына тартуға ықпал етеді.

«Экология әрқайсымыздан басталады» экологиялық акциясы бір апта бойы жалғасып, университет студенттері мен оқытушыларын қоршаған ортаны қорғау және экологиялық жауапкершілігі жоғары қоғам қалыптастыру жолындағы ортақ мақсатқа біріктіреді.