17 қараша 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY ДОКТОРАНТТАРҒА ҒЫЛЫМИ ЖЕТЕКШІЛІК ЕТУ ЖҮЙЕСІН ЖЕТІЛДІРУ БАҒДАРЛАМАСЫНА ҚАТЫСУДА
Астана қаласында Nazarbayev University Жоғары білім беру мектебі ұйымдастырған Academic Leadership Institute бағдарламасының қорытынды кезеңі өтуде. «Докторанттарға ғылыми жетекшілік ету тәжірибесін жетілдіру» деп аталатын үшінші кезең докторлық даярлау жүйесінің сапасын арттыруға және жас зерттеушілерге ғылыми жетекшілік етудің тиімді тәсілдерін дамытуға бағытталған.
Қазақстанда алғаш рет жүзеге асырылып отырған бағдарлама докторлық білім беру сапасын арттыруды, ғылыми жетекшілік тәжірибесін жетілдіруді және университеттер деңгейінде нақты институционалдық шешімдер әзірлеуді көздейді. Бағдарламаға еліміздің 23 жоғары оқу орнының және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері қатысуда.
Бағдарлама аясында ғылыми мақалаларды халықаралық журналдарда жариялау, зерттеу этикасы, академиялық адалдық, докторлық зерттеулерде жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану және ғылыми басылымдарды дұрыс таңдау мәселелеріне арналған параллель сессиялар өтуде. Сонымен қатар PhD бағдарламаларын дамыту, ғылыми жетекші мен докторанттың бірлесіп жарияланымдар стратегиясын жоспарлауы және Nazarbayev University-дің докторанттарға ғылыми қолдау көрсету тәжірибесі талқылануда.
Бағдарламаға Amanzholov University атынан Физика және технологиялар кафедрасының қауымдастырылған профессоры, философия докторы (PhD) Мақпал Манарбекқызы Нұрызинова қатысуда.
Қорытынды кезең аясында қатысушылар өз университеттерінде докторанттарға ғылыми жетекшілік ету тәжірибесін жетілдіруге бағытталған Institutional Doctoral Supervision Blueprint атты институционалдық іс-қимыл жоспарларын ұсынады.
Мақпал Нұрызинова Amanzholov University-де докторанттарға ғылыми жетекшілік етудің қолданыстағы жүйесіне жүргізілген талдау нәтижелерін және ғылыми жетекшілік үдерісін жүйелеуге арналған практикалық нұсқаулық жобасын таныстырады. Құжатта ғылыми консультант пен докторант арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары қамтылған. Атап айтқанда, жауапкершілікті бөлу, ғылыми сүйемелдеудің негізгі кезеңдері, консультацияларды тіркеу, семестрлік мониторинг жүргізу, ықтимал тәуекелдерді ерте анықтау және диссертацияны қорғауға дайындық мәселелері қарастырылған.
Бағдарламаға қатысу университетке докторлық даярлауды ұйымдастыруда заманауи тәсілдерді енгізуге, докторанттар мен ғылыми консультанттар арасындағы байланысты жетілдіруге және ғылыми зерттеу мәдениетін жүйелі дамытуға мүмкіндік береді. Ұсынылған шешімдер ғылыми сүйемелдеу сапасын арттырып, білікті докторанттар даярлау ісін одан әрі жетілдіруге негіз болады.


