18 қараша 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY ДОКТОРАНТТАРЫ АЛТАЙ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҒЫЛЫМИ ТАҒЫЛЫМДАМАНАДАН ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті халықаралық ғылыми-білім беру байланыстарын нығайту және академиялық ынтымақтастықты дамыту бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда. Қараша айының басында университеттің IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің докторанттары Ресей Федерациясындағы Алтай мемлекеттік университетінде (АлтМУ) ғылыми тағылымдамадан өтті.
Тағылымдама Теориялық кибернетика және қолданбалы математика кафедрасының базасында ұйымдастырылды. Педагогикалық информатика бағыты бойынша зерттеу жүргізіп жүрген докторанттар ғылыми-зерттеу жұмыстарына қажетті жаңа әдіснамаларды меңгеріп, халықаралық ғылыми тәжірибемен танысты.
Тағылымдама бағдарламасы аясында қатысушылар жоғары рейтингті ғылыми басылымдарда мақала жариялау талаптарын қамтитын академиялық жазылым бойынша авторлық оқу курсынан өтті. Сонымен қатар педагогикалық зерттеулердің эксперименттік нәтижелерін талдауға арналған себеп-салдарлық әсерлерді бағалау әдіснамасын, соның ішінде байестік сенім желілерін қолдану тәсілдерін меңгерді.
Алтай мемлекеттік университеті тарапынан тағылымдамаға жетекшілік еткен кафедра меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Елена Понькина халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандық жоғары оқу орындарымен бірлескен жұмыс аясында академиялық мобильділік пен докторанттардың ғылыми тағылымдамаларын ұйымдастыруға ерекше мән беріледі. Бағдарлама қорытындысы бойынша қатысушыларға тағылымдамадан өткені туралы сертификат және біліктілікті арттыру туралы куәлік табысталады.
Ал Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті тарапынан ғылыми жетекшілік еткен PhD, қауымдастырылған профессор, IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің деканы Салтанат Әдіканова екі университет арасындағы ынтымақтастықтың нәтижелі дамып келе жатқанын жеткізді.
Оның сөзінше, Алтай мемлекеттік университетімен бірлескен жұмыс білім беру бағдарламаларын жүзеге асырумен ғана шектелмейді. Докторанттардың академиялық мобильдігі мен ғылыми тағылымдамалары да ортақ зерттеулердің дамуына жол ашып отыр. Бұған дейін тағылымдамадан өткен екі докторанттың докторлық диссертациялары қорғауға дайындалуда. Алдағы жылы тағы кемінде төрт диссертациялық жұмысты аяқтау жоспарланған.
Тағылымдама соңында екі университет өкілдерінің қатысуымен ғылыми семинар ұйымдастырылды. Кездесу барысында докторанттардың диссертациялық зерттеулерінің қазіргі нәтижелері талқыланып, алдағы ғылыми жұмыстардың бағыттары айқындалды.
Тағылымдамаға қатысқан докторант Ақмарал Садақбаева халықаралық тәжірибе алмасудың зерттеу жұмыстарына берер пайдасын атап өтті. Оның айтуынша, ғылыми тағылымдама барысында білім беру үдерісіне жасанды интеллект технологияларын енгізу, студенттің өзіндік үлесін сақтау және педагогикалық әдістемелерді жетілдіру мәселелері қарастырылған.
Сонымен қатар докторанттар өздерінің ғылыми жобаларын тәжірибеге енгізу мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, аутизмі бар студенттердің әлеуметтік дағдыларын дамытуға арналған VR қосымшасы мен «Робототехника» пәнін оқыту әдістемесі Алтай мемлекеттік университетінде қолдануға ұсынылды.
Тағылымдама қорытындысы бойынша докторанттарға сертификаттарды Алтай мемлекеттік университетінің Математика және ақпараттық технологиялар институтының директоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Евгений Журавлев салтанатты түрде табыстады.
Мұндай халықаралық тағылымдамалар докторанттардың кәсіби және ғылыми құзыреттерін жетілдіруге, озық зерттеу әдістерін меңгеруге және жоғары оқу орындары арасындағы әріптестікті нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл – университеттің халықаралық ғылыми кеңістікке ықпалдасу жолындағы маңызды қадамдарының бірі.





